QazCovid-In вакцинасы мен «Спутник V»-ді салыстыру қисынсыз – дәрігер

8 Ақпан 2021, 14:44
2183
Бөлісу:
QazCovid-In вакцинасы мен «Спутник V»-ді салыстыру қисынсыз – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев вакциналарды салыстыру жөн емес екенін айтты.

QazCovid-In вакцинасын зерттеу жыл бойы жүргізілді. Клиникалық зерттеулер қыркүйек айында басталды. Бастапқыда 44 ерікті қатысты. Бірінші кезең вакцинаның қауіпсіздігін зерттеуге арналды. Нәтижесінде, 180 күн бойы бақылау кезінде жағымсыз әсерлер байқалмады. Вакцина салыстырмалы түрде қауіпсіз деп танылды, - деді Гуляев.

Ол екінші кезеңде вакцинаның клиникалық тиімділігі зерттелгенін, оған 200 ерікті қатысқанын еске салды.

180 күн ішінде вакцина енгізілгеннен кейін пайда болатын антиденелер деңгейі бақыланды. Вакцина өте жоғары тиімділікке ие және вакцина енгізілгеннен кейінгі әрбір жағдайда антидене пайда болады. Үшінші кезең 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Мұнда сынақ жасалғандар саны - 3000 адам болды, ұзақтығы мұнда да 180 күнге созылды. Бұл сынақтың есебі жақын күндері шығып қалуы тиіс, - деп атап өтті маман.

Сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес 31 желтоқсанда QazCovid-In вакцинасы уақытша тіркеу куәлігін алды. Дәрігердің айтуынша, бұл вакцинаны зерттеу шеңберін кеңейтуге және оны өндіру процесін тездетуге мүмкіндік береді.

QazCovid-In – инактивирленген вакцина және бұл оны суббірлікті болып саналатын ресейлік вакцинадан ерекшелендіреді. Бұл вакциналарды тікелей салыстыру дұрыс емес. Зерттеудің үш кезеңінің барлық деректері алынған кезде салыстыру мүмкін болады. Тек сонда ғана артықшылықтар мен кемшіліктер туралы айтуға негіз бар, - деді сарапшы.

Ол сонымен қатар, әлемде үш фазаның толық клиникалық зерттеулері әлі жүргізілмегенін атап өтті.

Жағдай реттеуші органдарды уақытша тіркеуге және вакцинацияны бастауға мәжбүр етіп отыр. Бұл кейбір қауіпсіздік ережелері ескерілмейді деген сөз емес. Кез келген вакцинаны бағалау көптеген елде бірдей жүргізіледі. Айталық, Жапония, АҚШ, Еуропа мен Қазақстанда қауіпсіздік пен тиімділікті бағалаудың еш айырмашылығы жоқ. Бұл - өте ұзақ процесс. Бастапқыда вакцина жасау алаңы бағаланады. Әрі қарай сарапшылар бағалайды. Клиникаға дейінгі барлық зерттеулер қайталанады және бақыланады. Ұлттық сараптама орталығында осы салыстырмалы зерттеулер жүргізілетін сынақ орталығы бар. Әрі қарай зерттеу құжаттары мен есептері сарапталады. Осылайша, еліміздегі дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығы және басқа елдердегі тиісті ұйымдар вакциналардың тиімділігі мен қолайлы қауіпсіздігіне кепілдік береді, - деп түсіндірді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы