Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Парламент сөзі» арнайы сыйлығы номинациясы «Qazcontent» акционерлік қоғамының ұжымына табысталды.
Біздің «Qazcontent» АҚ Мәжілістің «Парламент сөзі» жүлдесін иемденді. Бұл ортақ жеңіс. Мықты ұжымның арқасы! Сондай-ақ үш қызметкеріміз мемлекет тарапынан берілген баспанаға ие болды, - деп жазды «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Журналистер күні тек сіздердің ғана мерекелеріңіз емес, бұл – күллі қоғамның мерекесі. Себебі, қоғамды сіздерсіз, БАҚ өкілдерінсіз елестету мүмкін емес. Біздің жұмысты насихаттап, елге заңдардың мәнін түсіндіретін де сіздер. Сол үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін, – деді Палата Спикері.