Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін – ұлы Абай күні. Халқымыздың мақтанышы, кемеңгер ойшыл, ұлы ұстаздың өлеңдері мен қара сөздері ешуақытта өзектілігін жоғалтпайтын асыл мұра. Ұлы ақынның шығармаларында ұлтымыздың болмысы, тұрмысы, дүниетанымы, діні, ділі, тілі, рухы айқын көрініс тапқан. Оның философиясы күллі адамзат баласына рухани азық. Сол себепті де біз Абаймен мақтанамыз, ал Абайды әлем таниды. Абайдың асыл мұрасы – біздің ұлт болып ұйысуымызға, ел болып дамуымызға жол ашатын қасиетті де қастерлі құндылық. Биыл Ұлы Ақынның туған жерінде өз атындағы облыс құрылды. Бұрнадан бері бейресми түрде Абай елі аталатын өлке енді Президент жарлығымен расында Абай атын иеленіп, еңселеніп тұр. Қазақ халқының ұлы тұлғасы – Түркі әлемінің ортақ мақтанышы – Абай күні құтты болсын! – деп жазды Асқар Омаров.