«QazaqstanTeam» республикалық қоғамдық жастар бірлестігі Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін «QazaqstanTeam» республикалық ұйымының атынан алдымыздағы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлын ұсынғалы отырмыз. Себебі біздің ұйым мүшелерінің басым көпшілігі – кәсіпкерлер. Қазіргі кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынып жатқан реформалар пакетін біз толықтай қолдаймыз. Әсіресе кәсіпкерлікке, жастарға, білім саласына бөлініп жатқан көңілге риза болып, әріптестерімізбен осы шешімді қабылдап отырмыз, - деді «QazaqstanTeam» қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов.
Ол сондай-ақ бірлестіктен Президенттікке үміткер боларлықтай кандидат шықпағанын айтты. Қазіргі геосаяси жағдайда жасалып жатқан реформаларға қарап, Президенттікке Қасым-Жомарт Кемелұлын лайық деп санайтынын жеткізді.
Ұйымымызда қазіргі кезде республика бойынша 200-ден астам мүше бар. Біздің жас сарапшыларды, интеллектуалды жастарды біріктірсек деген ойымыз бар, - деді ол.
Айта кету керек, «QazaqstanTeam» – «30 мейірімді күн» сияқты қайырымдылық іс-шараларды және интеллектулдық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан ұйым.