Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен IJF президенті Мариус Визер қол қойды.
Меморандум аясында студенттер арасында дзюдоны дамыту мен кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, спорт резервін даярлау және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру көзделген.
Жоспарға сәйкес, дзюдо бағдарламалары жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіледі. Сонымен қатар студенттік лигалар құру, жарыстар ұйымдастыру және спорт инфрақұрылымын дамыту қарастырылған.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейтуге де ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, оқу орындарын татами, спорттық құрал-жабдықтар және арнайы дзюдо экипировкасымен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бағдарламаның операторы ретінде Jenys International Sports Foundation қоры белгіленді. Қор жобаны қаржыландырып, оны іске асыру жұмыстарын үйлестіретін болады.
Тараптардың пікірінше, бұл бастама бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және дзюдомен тұрақты айналысуына мүмкіндік ашады.