Қазақстанның саяси және экономикалық бағыты Грекия Парламентінде таныстырылды

7 Қазан 2023, 07:35
767
Бөлісу:
Қазақстанның саяси және экономикалық бағыты Грекия Парламентінде таныстырылды
Фото: gov.kz

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Грекия Парламентінің Ұлттық қорғаныс және сыртқы істер жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Дора Бакоянниспен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елші грек саясаткерін Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды.

Д. Бакояннис ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан құрылымдық саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстандағы ауқымды өзгерістер Еуропалық одақта да оң қабылданды.

Ол 2009 жылы Грекияның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған кезінде «ЕҚЫҰ үштігінде» Қазақстанмен бірлескен жұмысын жылы лебізімен еске алды. Д. Бакояннис экономика және туризм саласындағы әлеуетке назар аудара отырып, Грекияда Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Осы тұрғыда ол грек тарапы үшін Алматы мен Ираклион (Крит аралы) арасында тікелей рейстің болуының маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ол екіжақты негізде, сондай-ақ халықаралық алаңдар аясында, оның ішінде «достық топтары» желісі бойынша өзара іс-қимылды күшейту арқылы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдірді.

Өзгелердің жаңалығы