Қазақстанның бірқатар өңірінде 2026 жылғы маусым айында атмосфералық құрғақшылық болуы мүмкін. Бұл туралы алдын ала болжамды «Қазгидромет» жариялады.
Болжамға сәйкес, құрғақшылық қаупі Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Ұлытау, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Қызылорда облыстарының бірқатар аудандарында жоғары болады.
Атап айтқанда, Қостанай облысының Амангелді, Қарасу, Әулиекөл және Жангелдин аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында, Қарағанды облысының Ақтоғай, Нұра және Шет аудандарында, сондай-ақ Ұлытау облысының Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының жекелеген елді мекендерінде атмосфералық құрғақшылық болы мүмкін.
Сонымен қатар Ақмола облысының Ерейментау және Аршалы, Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз, Атырау облысының Құрманғазы мен Махамбет аудандары да тәуекел аймағына енген.
Құрғақшылық Алматы облысының Жамбыл ауданында, Жетісу облысының Алакөл ауданында, Жамбыл облысының Талас ауданында, сондай-ақ Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында да болуы ықтимал.
Мамандардың мәліметінше, еліміздің қалған аумақтарында ылғалдану деңгейі маусым айына тән қалыпты жағдайға жақын болады.