Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңге: Такиев қарыз саясатын түсіндірді

14 Қазан 2026, 14:19
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 14 Қазан 2026, 14:19
14 Қазан 2026, 14:19
207
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2027 жылы үкіметтік борышқа қызмет көрсету шығындары 3,6 трлн теңгені құрайды. Бұл экономика салаларын дамытуға бағытталатын шығыстардан да жоғары. Құрылтай депутаты Асель Хаирова мемлекеттік қарыз көлемінің өсуіне байланысты қарызға қызмет көрсету шығындары мен мемлекеттік борыш саясатына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасында үкіметтік борышқа қызмет көрсету шығындарының үлесі 11,8%-дан 12,3%-ға дейін өседі.

Сонымен қатар 2027 жылы қарыз міндеттемелеріне қызмет көрсетуге 3,6 трлн теңге жұмсалмақ. Бұл экономика салаларын дамытуға бағытталған 3,5 трлн теңгеден және денсаулық сақтау мен білім беруге арналған жалпы 3,5 трлн теңгеден жоғары.

Асель Хаирова мемлекеттік қарыз көлемі 52 трлн теңгеден 59 трлн теңгеге дейін өседі деп жоспарланғанын атап өтті. Алайда осы кезеңде қарызға қызмет көрсету шығындары бір деңгейде қалып отырғанын айтты.

Біз қарыз көлемінің өсуі оны қызмет көрсету шығындарының да өсуіне әкелетінін түсінеміз. Неліктен осындай болжам жасалды? Мемлекеттің қарыз саясатын өзгерту бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр? – деді депутат.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы – 38,5 трлн теңге

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгені, немесе ЖІӨ-нің 20,9%-ын құрайды.
Ал заңнамада белгіленген шекті деңгей 32%.

Жалпы алғанда, сарапшылар, соның ішінде халықаралық сарапшылар да Қазақстандағы мемлекеттік қарыз деңгейінің төмен екенін атап өтеді. Бұл бізге оны ұзақмерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін әрі қарай пайдалануға мүмкіндік береді, – деді министр.

Мәди Такиев соңғы уақытта Қазақстанның кредиттік рейтингтері де өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мемлекеттік борышты басқарудың тұрақтылығын көрсетеді.

Қарыз алу құны арзандаған

Министр мемлекеттік қарызды басқару тетіктерін жетілдіру бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Атап айтқанда, мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылған, бастапқы дилерлер институты іске қосылған және Қазақстан нарығына Euroclear жүйесі енгізілген. Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздар халықаралық индекстер құрамына енгізілген.

Мәди Такиев қарыз алу құнының арзандағанын нақты мысалмен түсіндірді.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан Қытайдан 1,5 млрд долларды 1,82% мөлшерлемемен қарыз алған. Бұл қарызға жыл сайын шамамен 12,7 млрд теңге қызмет көрсету шығыны жұмсалады.

Ал дәл осы соманы ішкі нарықтан қарызға алған жағдайда, қызмет көрсету шығыны 113 млрд теңгеден астам болар еді.

Мұнда айырмашылық шамамен 100 млрд теңге. Бұл – біздің үнеміміз. Бес жылдық кезеңде бұл шамамен 500 млрд теңгені құрайды, – деді министр.

Оның айтуынша, еурооблигациялар бойынша да қарыз алу құны төмендеген. Мәселен, 2015 жылы Қазақстан қарызды 5,5% мөлшерлемемен алса, өткен жылы бұл көрсеткіш 4,4% болған.

Министр Қазақстанның бұрынғы қарыздарын қайта қаржыландырып, олардың құрылымын оңтайландырып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қарыздың жалпы көлеміндегі сыртқы борыштың үлесі төмен екенін айтты.

Мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі 38,5 трлн теңге болса, сыртқы қарыз 8,4 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 4,5%-ын құрайды. Сондықтан біз өте тұрақтымыз, – деді Мәди Такиев.

Наверх