Қазақстанның көлік логистикасына ақылды технологиялар енгізілуі мүмкін

15 Қазан 2026, 15:06
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 15 Қазан 2026, 15:06
15 Қазан 2026, 15:06
145
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қытайдың Qianfang Group компаниясы Қазақстанда көлік пен логистиканы цифрландыру, ақылды көлік жүйелерін дамыту бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Бұл туралы компания өкілі Чжан Вэньюй «NEW SILK WAY» VIII халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумының кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикердің сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік қатынасы жақсы дамыған. Қытайдан Қазақстанға, сондай-ақ Қазақстан арқылы басқа елдерге жүк тасымалы жүзеге асырылады. Осыған байланысты екі елдің көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығының маңызы зор.

Менің білуімше, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Екі ел – көршілес мемлекеттер, автомобиль көлігі қатынасы да жақсы дамыған. Қытайдан Қазақстанға, сондай-ақ Қазақстан арқылы басқа елдерге көп жүк тасымалданады. Сондықтан көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастық өте маңызды әрі мәнді деп ойлаймын, – деді Чжан Вэньюй.

Оның айтуынша, Qianfang Group Қытайда ақылды көлік пен ақылды логистика саласында жұмыс істейтін жетекші компаниялардың бірі. Компания Қазақстанда осы бағыттағы тәжірибесі мен технологияларын қолдану мүмкіндіктерін қарастыруға дайын.

Біз Қытайда ақылды көлік пен ақылды логистика саласындағы жетекші компаниялардың біріміз. Соңғы жылдары практикалық жобаларда жинақтаған тәжірибеміз бен технологияларымызды пайдалану арқылы Жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық бағыттарды одан әрі ақылды әрі тиімді ете аламыз деп сенеміз. Бұл – біздің де мақсаттарымыздың бірі, – деді компания өкілі.

Чжан Вэньюй Қазақстанда көлік пен логистиканы цифрландыруға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт компанияның қызметі мен зерттеу жұмыстарына сәйкес келеді.

Қазақстанда көлік пен логистиканы цифрландыруға басымдық беріліп отырғанын білеміз. Бұл бағыт біздің компания айналысатын саламен және зерттеу жұмыстарымызбен үндеседі. Сондықтан Қазақстанда бизнесімізді дамытуға сенімдіміз, – деді ол.

Спикер Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті серіктестермен ынтымақтастық орнатудың маңызын да атап өтті. Осы мақсатта компания Қазақстанның Жол ғылыми-зерттеу институтымен серіктестік орнатқан.

Қазақстанда жұмысымызды дамыту үшін жергілікті серіктестердің қолдауы мен ынтымақтастығы қажет. Сондықтан біз Қазақстанның Жол ғылыми-зерттеу институтымен серіктес болуды таңдадық. Бұл институттың осы саладағы сараптамалық беделі жоғары. Онымен бірлесіп жұмыс істеу Қытайдың тәжірибесі мен жетістіктерін Қазақстанда қолдануға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Вэнь Юй Чжан.

Оның айтуынша, компания мен институт көлік және логистика саласын цифрландыру, сондай-ақ автономды басқару технологиялары бойынша ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр. Форум аясында тараптар бірлескен құзыреттер орталығын құру жөніндегі келісімге қол қойған.

Наверх