Саясаттанушы Ғазиз Әбішев халықаралық Investing.com басылымында жарияланған Қазақстанның инвестициялық ахуалына қатысты материалға пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, соңғы халықаралық рейтингтер мен экономикалық көрсеткіштер Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
«Қазір әлемде капитал үшін бәсеке табиғи ресурстар немесе арзан жұмыс күші арқылы емес, ең алдымен мемлекеттік институттардың сапасы, экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығы арқылы жүріп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан өз позициясын күшейтіп келеді», – деді Ғазиз Әбішев.
Ол Investing.com жариялаған деректерге сәйкес, Қазақстан инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер рейтингінде 70-орыннан 53-орынға көтерілгенін атап өтті. Сонымен қатар, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6%-ға өсіп, 20 млрд АҚШ долларынан асқан. Ал жеке инвестициялар көлемі 21%-ға артқан.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан соңғы жылдары пандемия, геосаяси өзгерістер, санкциялық қысым, табиғи апаттар және әлемдік нарықтағы құбылмалылық сияқты бірқатар күрделі кезеңнен өткеніне қарамастан, макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап қалды.
«Ел индустрия, энергетика, көлік-логистика және цифрландыру бағытындағы жобаларды жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл ішкі және сыртқы инвесторлардың сенімін нығайтып, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етуде», – деді ол.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде өзінің өңірлік көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Бұған елдің географиялық орналасуы, табиғи ресурстары, өндірістік әлеуеті және инвестициялық саясаттың сабақтастығы негіз болып отыр.