Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері қандай

25 Қаңтар 2025, 21:37
321
Бөлісу:
Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері қандай
Фото: pixabay.com

Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері бірнеше маңызды аспектілерді қамтиды, соның ішінде алтын-валюта қоры, заңсыз алынған қаржыны қайтару, ұлттық инфрақұрылым жоспары, инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсарту.

Алтын-валюта қорының жағдайы

Қазақстанның алтын-валюта қоры соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылдың наурыз айында елдің алтын қоры 355 тоннадан асты. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың бірінші тоқсанында 310,6 тонна болғанын ескерсек, айтарлықтай өсімді байқатады. 

Сарапшылардың пікірінше, алтын-валюта қорының ұлғаюы ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әлемдік нарықтағы алтын бағасының өсуі де бұл үрдіске оң әсерін тигізіп келеді. 

Заңсыз алынған қаржыны қайтару бойынша шаралар

Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. 

Қайтарылған активтер әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бағытталып жатыр. Мысалы, жалпы құны 87 млрд теңге болатын 250-ге жуық нысан мемлекет меншігіне өтті, оның ішінде қонақ үйлер, бизнес орталықтар, зауыттар мен жер телімдері бар. 

Бұл шаралар экономиканың ашықтығын арттырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар.

“Бұл – біздің ақшамыз және бізге түсетін табыс”

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық Банктің осы бағыттағы жетістіктерін атап өтті.

Ұлттық Банк кейбір министрліктер сияқты әдемі слайдтар жасап, нақты нәтижесіз пиармен айналыспайды. Тіпті өз жетістіктерін көрсетуді де білмейтін сияқты. Дегенмен, халықтың мүддесіне тікелей әсер ететін үш жақсы бастамасын атап өткім келеді, - деді депутат.

1. Зейнетақы қорындағы қаражаттымызды басқару

Жақсы жаңалық: Ұлттық Банк белсенді инвестициялық саясатқа көшті. Соның арқасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 трлн теңгені құрап, инфляция деңгейінен екі есе асып, 17,8%-ға жетті. Еске сала кетейін, бұл – біздің ақшамыз және бізге түсетін табыс.

Алайда, бұл жеткіліксіз. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы бойынша минималды міндеттемелерді заңнамалық деңгейде бекітуді маңызды деп санаймын. Бұл меже тек Ұлттық Банктің шешімі емес, заң нормасы болуы тиіс.

Мұндай қадам біздің қордағы қаражатымыздың бюджет тапшылығын жабуға, мемлекеттік бағалы қағаздар мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмай, шын мәнінде табыс әкеліп, жоғары табысты құралдарға инвестициялануын қамтамасыз етеді. Қазір біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Аймағамбетов.

2. Ұлттық қор табыстары

Тағы бір жақсы жаңалық: 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 4,5 млрд долларды құрап, табыстылық деңгейі 7,5%-дан асты. Бұл, әрине, инвестициялық көзқарастардың өзгеруі және тым консервативті стратегиялардан бас тарту арқылы мүмкін болды.

3. Алтын резервтері

Бұл бағытта да Ұлттық Банк жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Дамыған елдердің орталық банктері алтын-валюта резервтерін белсенді түрде арттырып жатқанда, Қазақстан да осы үрдісті ұстануда. Ұлттық Банктің валюта және алтын резервтері 45,8 млрд долларға жетіп, 27,4%-ға ұлғайды. Бұл біздің елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтып, экономика үшін қосымша қауіпсіздік жастығын қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы