Қазақстанның Чехиядағы елшілігі қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

18 Қараша 2023, 00:09
605
Бөлісу:
Қазақстанның Чехиядағы елшілігі қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Чехиядағы елшілігі Чехияда аккредиттелген Дипломаттардың жұбайлары қауымдастығының (DSA) демеушілігімен Прагада жыл сайын өтетін халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Чехия Президентінің жұбайы Ева Павлова ашқан іс-шараға 50-ге жуық елдің дипломатиялық өкілдіктері қатысты.

Ұлттық және дәстүрлі рәміздермен безендірілген Қазақстан Елшілігінің стендінде еліміз туралы ақпараттық материалдар, кәдесый өнімдері, сондай-ақ ұлттық тағамдар қойылды.

Елшілік қызметкерлерінің жұбайлары дайындаған ұлттық тағамдар, сондай-ақ Чехияда тұратын қазақ диаспорасының фермерлік шаруашылығы өндірген дәстүрлі сүт өнімдері (құрт, ірімшік, айран, қатық, сары май) жәрмеңкеге келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Е. Павлова қазақ ұлттық тағамдармен мұқият танысып, олардың дәмін татып көрді. Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаевпен әңгімелесу барысында бірінші ханым қазақстандық тараптың жоғары деңгейде ұсынылғанын және жәрмеңкеге белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Жәрмеңке бағдарламасының мәдени бөлігіне Чехияда оқитын қазақстандық студенттер қатысты. Қонақтардың назарына қазақ композиторлары мен заманауи эстраданың танымал шығармалары ұсынылды.

DSA өткізетін жыл сайынғы халықаралық жәрмеңке – Чехиядағы ең маңызды қайырымдылық шараларының бірі.

Барлық түскен қаражат қайырымдылық ұйымдарына жіберіледі.

Өзгелердің жаңалығы