Қазақстанның бір тұрғыны жылына шамамен 5 келі шай тұтынады

17 Мамыр 2023, 09:23
703
Бөлісу:
Қазақстанның бір тұрғыны жылына шамамен 5 келі шай тұтынады
Фото: Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі

Тұңғыш Президент кітапханасының қабырғасында әлем халықтарының шай ішу дәстүрлері ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасында Халықаралық музей және Халықаралық шай күндері қарсаңында «Шай дәстүрінің әлемі» атты қор көрмесі ашылды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде Қытайда алғаш рет екі мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болған шай Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Ұлы Жібек жолының арқасында Еуропаның, Американың және Африканың көптеген елдеріне тез еніп кеткенін атап өтті. Ал, Қазақстанға шай ХIХ ғасырдың ортасында ғана келіп, мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды.

«Әдебиет порталы» интернет жобасының редакторы Асылбек Байтанұлының айтуынша, еліміз оны тұтыну жөнінен алғашқы он елдің қатарына кіреді.

Бүгінде шай әлемде судан кейінгі екінші сусын болса, еліміз оны тұтыну жөнінен алғашқы он елдің қатарына кіреді. Орта есеппен Қазақстанның бір тұрғыны жылына шамамен 5 келі шай тұтынады, - деді ол.

Өз кезегінде Астанадағы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов түрлі халықтардың шай дәстүрінде бұл сусынға деген сүйіспеншілік қана емес, мәдениет, философия, тұрмыс-салт ерекшеліктері де үйлесетінін ерекше атап өтті. Шығыс Азия халықтары шай рәсімінің арқасында қонақжайлылық танытып, диалог орнатып, дауларды шешеді.

Көрмеде әлемнің түрлі халықтарының шай дәстүрлерінің мәдениетін бейнелейтін ҚР Тұңғыш Президент кітапхана музейі жинағының 100-ден астам алуан түрлі әрі бірегей жәдігерлері ұсынылғанын атап өту жөн.

Мұнда Қытайда, Кореяда, Жапонияда, Ресейде, Азияда және Еуропада жасалған шай ыдыстарының барлық негізгі түрлері: сервиздер, су ішуге арналған ыдыстар, самауырындар және тағы басқа бұйымдар ұсынылған. Фарфордан, фаянстан, керамикадан, шыныдан және тастан жасалған бұйымдар жоғары деңгейімен, керемет әртүрлі пішіндер мен декормен ерекшеленеді.

Өзгелердің жаңалығы