Қазақстаннан пана сұрағандар саны артты: 176 шетелдік босқын мәртебесін алу үшін өтініш берді

Қазақстанда 176 шетелдік босқын мәртебесін алу үшін өтініш берді. Қазіргі таңда елде 304 адамға ресми босқын мәртебесі берілген, өтініштер жергілікті атқарушы органдарда қаралуда.

 BAQ.KZ архив Бүгiн 2026, 02:33
Бүгiн 2026, 02:33
163
Фото: BAQ.KZ архив

Қазақстанда 176 шетел азаматы босқын мәртебесін беру туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, елімізде 304 шетелдікке босқын мәртебесі берілген. Қосымша 176 өтінішті жергілікті атқарушы органдар қарап жатыр.

Босқын мәртебесі кімдерге беріледі?

Босқын мәртебесі нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалауға ұшырау қаупі бар шетелдіктерге беріледі.

Өтініш беруші өз елінен тыс жерде болуы және қауіптенуіне байланысты сол мемлекеттің қорғауын пайдалана алмауы немесе пайдаланғысы келмеуі тиіс. Сондай-ақ азаматтығы жоқ адам да, егер тұрақты тұратын еліне қайта оралуға қауіптенсе, босқын мәртебесін сұрай алады.

Мәртебе алу үшін пана іздеуші жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжаттарды қоса тапсырады. Құжаттары болмаған жағдайда мәліметтер оның сөзінен жазылады.

Қандай жағдайда бас тартылуы мүмкін?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мына жағдайларда босқын мәртебесін беруден бас тартылуы ықтимал:

қудалау қаупінің дәлелденбеуі;

өзі туралы жалған ақпарат беру немесе ақпарат беруден бас тарту;

жалған құжат ұсыну;

үшінші елдің азаматтығы болуы;

қауіпсіз үшінші елден келуі;

террористік, экстремистік немесе тыйым салынған діни ұйымдарға қатысы болуы;

адамзатқа қарсы немесе әскери қылмыстарға қатысы болуы;

ауыр қылмыс жасауы;

БҰҰ қағидаттарына қайшы әрекеттерге қатысы болуы;

дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы.

Сонымен қатар Қазақстан өміріне немесе бостандығына қауіп төнетін елге босқындарды және пана іздеушілерді кері қайтармайды.

Наверх