Қазақстанда АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті авиациялық қауіпсіздік бағалауы жүргізіледі. АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары 21-25 қыркүйек аралығында еліміздің ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін бағалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетімен, Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесіп, екі жыл бойы екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті жағдайлар жасау бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Аталған жұмыстар аясында 2026 жылғы 21-25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысы жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Бағалау қарсаңында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанға келген FAA сарапшыларымен кездесті. Тараптар алдағы бағалау мәселелерін, ұшу қауіпсіздігін арттыру және халықаралық әуе қатынасын дамыту бағытындағы одан арғы өзара іс-қимылды талқылады.
Министрліктің мәліметінше, бағалау Қазақстанның авиациялық билігінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестігін анықтауға бағытталған.
IASA бағалауы барысында FAA сарапшылары авиациялық заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ИКАО-ның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету жүйесінің сегіз сыни элементіне сәйкес мемлекеттің қадағалауды жүзеге асыру қабілетін қарастырады, – деп хабарлады министрлік.
Сарапшылар тобына халықаралық авиациялық құқық, авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу пайдалану салаларының мамандары кірген.
Бұған дейін, 2024 жылғы 26-30 тамыз аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу жүргізілген. Одан кейін тараптар қазіргі бағалауға дайындық жұмысын жалғастырған.
Сондай-ақ 24 қыркүйекте FAA сарапшыларының Астанадағы Air Astana әуе компаниясына техникалық сапары жоспарланған. Әуе компаниясы коммерциялық қызметті жүзеге асыруға АҚШ Көлік министрлігінен (DOT) рұқсат алуға өтінім берген.
Сапардың мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету процесі шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен (ҚАӘ) алынған ақпаратты растау. Аталған сапар әуе компаниясына әуе тасымалдаушы сертификатының иесі ретінде жүргізілетін инспекциялық тексеру болып табылмайды, – делінген хабарламада.
Бағалау аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен қорытынды брифинг өткізіп, қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынады.
Министрлік IASA бағалауы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмысты ілгерілету жолындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен АҚШ арасында Нью-Йорк бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашу мәселесіне қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт та пікір білдірген еді.