- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстаннан әлемдік IT-компаниялар шығады. Жаслан Мәдиев Alem.AI миссиясын түсіндірді
Қазақстаннан әлемдік IT-компаниялар шығады. Жаслан Мәдиев Alem.AI миссиясын түсіндірді
Қазақстанда ашылған Alem.AI орталығы елден жаңа IT алыптарын шығаруды көздейді. Жаслан Мәдиев жоба қандай өзгеріс әкелетінін айтты.
Бүгiн 2026, 17:15
Қазақстанда халықаралық деңгейдегі жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Жоба ауқымы, оның ел экономикасына ықпалы және цифрландырудағы жаңа міндеттер туралы BAQ.KZ тілшісіне Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.
– Қазақстанда ашылатын халықаралық жасанды интеллект орталығы туралы кеңірек айтып берсеңіз. Оның ерекшелігі неде?
– Қазақстанда сегіз қабаттан тұратын халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Оның жалпы аумағы – 22 мың шаршы метр. Бұл – тек бір ғимарат емес, толыққанды технологиялық экожүйе. Бірінші қабат - қоғамдық кеңістік. Мұнда музей, кинотеатр, хакатондар мен түрлі іс-шараларға арналған алаңдар, сондай-ақ балаларға арналған жасанды интеллект аймағы болады. Яғни, келушілер жасанды интеллект өнімдерімен интерактивті әрі иммерсивті форматта танысып, жаңа технологиялардан шабыт алады. Сонымен қатар дәл осы жерде ЖИ шешімдері түрлі салаларда тестіленеді.
Екінші және үшінші қабаттарда TUMO Astana орталығы жұмыс істейді. Мұнда 11 IT бағыты бойынша білім беріледі: генеративті жасанды интеллект, 3D-модельдеу, компьютерлік графика, цифрлық музыка, киноөндіріс және басқа да креативті индустрия бағыттары. Жыл сайын 12-18 жас аралығындағы шамамен 5000 бала білім алады. Төртінші қабатта Tomorrow School іске қосылады. Бұл – 18 жастан асқан азаматтарға арналған білім беру алаңы. Оқыту peer-to-peer әдісімен, яғни оқытушыларсыз жүргізіледі. Бағдарлама 18-24 айға созылады. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді және толықтай тегін. Жыл сайын шамамен 1000 студент білім алады. Бесінші қабатта биыл қыркүйекте жасанды интеллект университеті ашылады. Онда әлемде мойындалған үздік бағдарламалар қолданылады. Алтыншы қабатта акселерациялық бағдарламалар мен AI-стартаптарға арналған кампус орналасады. Мұнда AIPreneurs, Google for Startups, Alchemist Accelerator сияқты халықаралық бағдарламалар іске асырылады.
Жетінші қабатта BigTech-компаниялардың зертханалары мен R&D орталықтары болады. Олардың қатарында Apple Training Center, Google Training Engineering Center, Telegram зертханалары және жергілікті технологиялық компаниялар бар. Сегізінші қабатта AI Driven Government кеңсесі орналасады. Бұл жерде мемлекет, бизнес және ғылым бірігіп, жасанды интеллектті экономикаға енгізумен айналысады.
– Alem.AI жобасы тек Қазақстанға бағытталған ба, әлде халықаралық деңгейдегі бастама ма?
Бұл – халықаралық жоба. Ол тек ішкі нарықпен шектелмейді. Жалпы, бұл бастама балалардан бастап студенттерге, стартаптарға және BigTech-компанияларға дейінгі барлық деңгейді қамтитын үлкен экожүйе ретінде құрылып отыр. Бұл – әлемде теңдесі жоқ жоба. Біз оны Astana Hub тәжірибесіне ұқсас дамытқымыз келеді. Қазір Astana Hub Қазақстанның барлық қаласында бар және шетелде де жұмыс істейді. IT-хабтар Silicon Valley, Дубай және Шанхай қалаларында ашылған. Бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Болашақта оны жаһандық деңгейде масштабтау көзделіп отыр.
– Alem.AI алдағы жылдары қазақстандықтарға қандай нақты пайда береді?
Ең бастысы – бұл жоба тек білім берумен шектелмейді, нақты қолданбалы нәтижеге бағытталған. Мұнда зертханалар, университеттер, стартаптар бірге жұмыс істейді. Нәтижесінде әзірленген шешімдер экономикаға енгізіледі. Жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастайды. Азаматтардың технологияға деген түсінігі артады. Жаңа стартаптар пайда болады, ғылыми зерттеулер күшейеді. Сонымен қатар елімізде жаңа «юниткорн» компаниялар шығуына мүмкіндік бар. Бұл – жаңа жұмыс орындары деген сөз.
– IT бағытын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
Жалпы, жастардың ойлау жүйесі өзгеруі керек. Олар болашақта компания мен стартаптың негізін қалаушы фаундер болуды армандауы керек. Яғни, интерпренерлерге, кәсіпкерлерге айналуға ұмтылуы қажет. Мемлекеттік қызметке немесе «Самұрық-Қазына» қорына жұмысқа тұруды ғана мақсат етпей, өз жобасын іске асыратын кәсіпкер болуға ұмтылғаны жөн. Apple, Google, OpenAI, Presite секілді ірі компаниялар – соның айқын мысалы. Осыдан тақырып шығаршы
– Қазақстан экономикасында цифрландыру деңгейі қандай? Қай бағыттарда мәселе бар?
Президент тапсырмасына сәйкес, біз үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық елге айналдыруымыз керек. Қазірдің өзінде еліміз цифрландыру және eGov бағытында алдыңғы қатарда. Алайда барлық салада деңгей бірдей емес. Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік сала жақсы цифрланған. Ал нақты секторларда әлі жұмыс бар. Жасанды интеллектті дамыту үшін дерек қажет. Сондықтан деректер базасын цифрландыру – негізгі міндеттердің бірі. Қазір «Digital Kazakhstan» стратегиясы әзірленді, келісу кезеңінде. Онда барлық мемлекеттік органдар үшін нақты KPI белгіленген. Әр министр өз саласын цифрландыруға жауапты болады. Бұл – Үкімет үшін ортақ стратегиялық міндет.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Ең оқылған:
- Арыққа құлаған адам өлімі: Нөсерлеткен жаңбыр Алматының әлсіз тұсын қалай әшкереледі?
- Атыраудағы қанды қылмыс: Тергеуде жантүршігерлік жаңа деректер белгілі болды
- “Зейнетақыны шешіп береміз”: БЖЗҚ халыққа маңызды ескерту жасады
- Жалақы кешіктірілсе, өтемақы талап ете аласыз – заңгер жауабы
- Қазақстанда пойыз билеттері күрт қымбаттауы мүмкін
Олжас АДАЙ