Қазақстанмен ынтымақтастық пен реформалар барысы - ЕҚЫҰ-ның назарында

9 Желтоқсан 2022, 12:39
992
Бөлісу:
Қазақстанмен ынтымақтастық пен реформалар барысы - ЕҚЫҰ-ның назарында

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Венаға жұмыс сапары шеңберінде ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысына қатысып, президенттік сайлаудың қорытындылары, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар және ҚР-дың ЕҚЫҰ-мен одан әрі ынтымақтастық туралы ұстанымы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың басым көпшілігінің дауысымен қайта сайланғанын, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам» қағидатын құруға бағытталған саяси бағытын қолдаудың берік айғағы болғанын атап өтті.

Сайлау Қазақстандағы электоралдық процестің ашықтығы мен айқындығының жаңа стандартын белгілеп, қоғамымыздың саяси мәдениеті мен кемелдігінің жоғары деңгейін көрсетті. Біз көптеген серіктесіміздің қолдауына сенімді кепілдік алдық және ЕҚЫҰ-ның олардың ізін басып, еліміздегі демократиялық үдерістердің дамуы мен нығаюына жәрдемдесуде маңызды рөл атқаруын асыға күтеміз. Сонымен қатар, серіктестігіміз барынша нәтижелі болуы үшін жүргізіліп жатқан реформалардың барлық контекстін тереңірек түсіну қажет. Бұл кез келген демократиялық жүйенің алдында тұрған сынақ, - деді Р. Василенко.

Отырыс қатысушыларына арнаған сөзінде Р. Василенко қазіргі геосаяси жағдай Ұйым ішіндегі бірлікті талап ететінін және ЕҚЫҰ елдерін ынтымақтастыққа шақырғанын атап өтті.

Еуропалық одақ, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Әзербайжан және Түрікменстан миссияларының басшылары ҚР Президенті мен Үкіметінің реформалық күш-жігерін жоғары бағалады және осы процестерге одан әрі жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдіре отырып, елді одан әрі демократияландыру бағытын берік қолдады.

ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Р.Василенконың Ұйымның Бас хатшысы Хельга Шмидпен және БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Тереза Рибейромен кездесулері орын алды. Ұйымдағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ Ресей-Украина қақтығысы аясында ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ны жанжалдарды реттеу және ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуеті таусылмаған бірегей және аса сұранысқа ие ұйым ретінде одан әрі нығайтуға мүдделі екендігі аталып өтті.

Сондай-ақ Министрдің орынбасары Т. Рибейроға елде жоспарланған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар мен ЕҚЫҰ-ның осы үдерістерге одан әрі қатысу мүмкіндігі туралы хабардар етті.

Тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын талқылап, Мемлекет басшысының жаңа реформалары аясындағы ынтымақтастықтың келешегін белгіледі.

Өзгелердің жаңалығы