Қазақстанға келетін шетелдіктерге жаңа мүмкіндік беріледі: Не өзгереді?

Визасыз режим, электронды виза және цифрлық көші-қон жүйесі: Қазақстан адами капитал үшін жаһандық бәсекеге қосылуда

Бүгiн 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
139
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан шетелдік мамандарды, инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін көші-қон саясатын жаңа деңгейге көтеруге кірісті. Қазір әлемде мемлекеттер тек табиғи ресурстар мен инвестиция үшін ғана емес, кәсіби кадрлар, технология және адами капитал үшін де бәсекеге түсіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан да көші-қон саясатын тек бақылау құралы ретінде емес, экономикалық өсім мен халықаралық интеграцияның маңызды тетігі ретінде қарастыра бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Саид Латипов қазіргі таңда шетелдік сарапшыларды тарту және олардың ел экономикасына қатысуын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Қазақстанға электронды виза алу жеңілдеді

Саид Латиповтың сөзінше, бүгінде Қазақстан бірқатар мемлекетпен визасыз режим енгізген. Сонымен қатар әлемнің 100-ден астам елінің азаматтары Қазақстанның электронды визасын рәсімдей алады.

Шетел азаматтарына Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне барудың қажеті жоқ. Олар бірнеше минут ішінде онлайн форматта электронды виза алып, Қазақстан аумағына кіре алады, – деді ол.

Оның айтуынша, кей санаттағы шетел азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз, тіркеусіз және арнайы рұқсатсыз болуға мүмкіндік берілген. Бұл шаралар өзара келісім негізінде жүзеге асырылады және елдің инвестициялық, туристік әрі экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

ІІМ өкілінің айтуынша, визасыз режим шетел азаматтарына Қазақстанға келіп, келісімшарттар жасауға, бизнес серіктестер табуға және еңбек нарығын зерттеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанға келетін шетелдіктер саны өсіп жатыр

Соңғы жылдары Қазақстанға келетін шетел азаматтарының саны тұрақты өсіп келеді. Саид Латиповтың мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға келген шетелдіктер саны 16 миллионнан асқан.

Олардың басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары болғанымен, инвестициялық визамен келетіндер, бизнес-иммигранттар және еңбек қызметі үшін келетін шетелдіктер саны да көбейіп жатыр.

Қазіргі таңда бизнес-иммигранттар институты сұранысқа ие болып отыр. Сонымен қатар инвестициялық визамен келетін шетел азаматтарының саны да артып келеді, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, кей шетел азаматтары Қазақстанға алғашында жеке немесе іскерлік мақсатта келіп, кейін жұмыс істеу немесе инвестиция салу мақсатымен қайта оралады.

Көші-қон жүйесі толық цифрландырылып жатыр

Қазақстандағы көші-қон жүйесін цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Саид Латиповтың айтуынша, қазіргі таңда негізгі мақсаттардың бірі – шетел азаматтарына мемлекеттік органдарға бармай-ақ, қажетті қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігін жасау.

Біз адам факторын азайтып, көптеген процесті автоматтандырдық. Қазір бақылау мен тексерудің басым бөлігі жүйе арқылы автоматты түрде жүзеге асады, – деді ол.

ІІМ мәліметінше, қазіргі таңда көші-қон саласында 60-қа жуық интеграциялық механизм жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері өзара біріктірілген.

«QazETA» платформасы қандай мүмкіндік береді?

Қазақстанда шетел азаматтарына арналған «QazETA» мемлекеттік цифрлық платформасы енгізіліп жатыр. Бұл жүйе көші-қон қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуге арналған.

Жаңа платформа арқылы шетел азаматтары:

  • Қазақстанға келетінін алдын ала хабарлай алады;
  • тұратын мекенжайын көрсете алады;
  • шекарадан өткені туралы анықтама ала алады;
  • электронды виза рәсімдей алады;
  • e-resident мәртебесіне өтініш бере алады.

ІІМ өкілінің айтуынша, болашақта көші-қон қызметтерінің басым бөлігі осы жүйеге біріктіріледі. Яғни шетел азаматтары Қазақстанға келмей тұрып-ақ құжаттарын рәсімдеп, қажетті қызметтерді онлайн ала алады.

Біздің мақсатымыз – шетел азаматтары мемлекеттік органдарға бармай-ақ, өз мәртебесін заңдастырып, қажетті қызметтердің барлығын онлайн форматта ала алатын жүйе құру, – деді Саид Латипов.

Заңсыз миграцияға бақылау күшейтіледі

Сонымен қатар ІІМ шетелдік мамандар мен туристер үшін жағдай жасаумен қатар қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отырғанын мәлімдеді.

Саид Латиповтың айтуынша, қазіргі таңда заңсыз миграция, адам саудасы, көші-қон режимін бұзу және шетел азаматтарының заңсыз әрекеттерге тартылуы сияқты тәуекелдердің алдын алу бойынша тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Оның сөзінше, көші-қон режимін бұзғандарға қатысты айыппұл мен санкциялар қолданылады. Бұл болашақта заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.

Шетелдіктерді тіркеу жүйесі қайта енгізіледі

Қазақстанда шетел азаматтарын тіркеу жүйесін қайта енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәртіпке сәйкес, шетел азаматтарына 30 күн уақыт беріледі.

Осы мерзім ішінде олар қай жерде тұратынын, қандай мақсатпен келгенін, және елдегі мәртебесін нақты көрсетуі тиіс болады.

ІІМ бұл жүйе көші-қон процестерін тиімді бақылауға және елдегі қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Наверх