Қазақстанға Германиядан 86 млрд теңгенің алаяқтығына қатысы бар күдікті жеткізілді

18 Қараша 2023, 20:11
619
Бөлісу:
Қазақстанға Германиядан 86 млрд теңгенің алаяқтығына қатысы бар күдікті жеткізілді
Фото: Артём Чурсинов

Қылмыстық топтың құрамында ойын бизнесі саласында қылмыс жасады деген күдікті Германиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Интерполдың көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан «OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің» қызметіне байланысты қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның азаматшасы Д-ны экстрадициялады.

Ол 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарды өткізуге, салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысқаны үшін күдікке ілінді.

Аталған құқыққа қайшы әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 86,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді.

Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және оған халықаралық іздеу жарияланды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Германия аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынды.

Айып тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеу, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Іздеуде жүрген адамды экстрадициялау германдық құзыретті органдармен тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

Бұдан басқа, Германиямен ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, ағымдағы жылы осы елден Қазақстанға адам өлтіру және есірткі саудасы бойынша күдікті тағы 2 адам экстрадицияланды.

Өз кезегінде, Германия тарапына қорқытып алу және зорлау қылмыстарын жасағаны үшін іздеуде жүрген 2 адам ұстап берілді.

Өзгелердің жаңалығы