Қазақстанға есірткімен күресетін арнайы орган құру қажет пе - депутат

11 Желтоқсан 2023, 11:48
492
Бөлісу:
Қазақстанға есірткімен күресетін арнайы орган құру қажет пе - депутат
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерінде тұрақты ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік орган құру бойынша Бас прокуратураның ойын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар санының өсу тенденциясы анық байқалады. Мынадай статистикалық мәліметтерге назарларыңызды аударғым келеді: 2011 жылы осы қылмыстар бойынша тіркелген қылмыстардың саны 4 360 болса, биылдың 10 айында ол 6 715-ке жетті. 2011 жылы аталған фактілер бойынша 2 325 адам сотталса, биылдың 10 айында олардың саны 3 193-ке дейін артып отыр, - деді депутат Мәжілісте.

Абзал Құспан атап өткендей, Мемлекет басшысы барлық құқық қорғау органына нақты тапсырма берді. Яғни есірткінің заңсыз айналымына байланысты тиімді шаралар қолдануды тапсырды.

Мысалы әлемнің кейбір елдерінде осы есірткі бизнесіне қарсы арнайы органдар жұмыс істейді. Біздегідей, Ішкі істер министрлігі жанынан емес. Есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерінде тұрақты ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік орган құру бойынша ұстанымыңыз қандай? Қадағалау органы ретінде қосымша қандай шаралар қолдану қажет деп есептейсіз? – деп сұрады депутат Бас прокуратура өкілінен.

Өзгелердің жаңалығы