Қазақстанға басқа елдердің тауарларын неге емін-еркін кіргізе береміз? – депутат

25 Желтоқсан 2023, 13:45
505
Бөлісу:
Қазақстанға басқа елдердің тауарларын неге емін-еркін кіргізе береміз? – депутат
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкімет сағатында елімізге шетелден келетін тауарларға қатысты ойын ашық айтып, Сауда және интеграция министріне сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Импорттық тауарлардың Қазақстанға қаптап кеткені жайлы айтылып жатыр. Еуропа елдерінің мысалын келтірейін, қазір Украина мемлекетін Еуропа елдері саяси тұрғыдан қолдап отыр. Бірақ Чехия, Словакия, Польша, біреуі Украинаның тауарларын Еуропаға кіргізбей отыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір Еуропада осы мәселе бойынша сауда жанжалдары болып жатыр. Ал неге біз Қазақстанға басқа елдердің тауарларын емін-еркін кіргіземіз? Ол тауарлар жай кірмейді. Қазір Қазақстанға демпинг жасап жатыр, - дейді депутат.

Сайыровтың сөзінше, Қазақстанның Ресеймен көршілес облыстары Ресейге кіру үшін олар отандық тауарларымызға техникалық барьер қойып отыр.

Батыс Қазақстан немесе Ақтөбе облыстарының ет өнімдерінің Ресейге кіргенін көрдіңіз бе? Көрмейсіз, өйткені олар кіргізбейді. Ал неге біз өзіміздің мемлекетімізді ашық алаңға айналдырамыз? Ресейдің «Россельхознадзоры» сүт өнімдеріне Ресейдің өзінде, атап айтқанда, сауда орындарына және оқу орындарына жеткізуге тыйым салған. Ал енді бұл сүт өнімдері Қазақстанның барлық сауда орындарында тұр. Осы өнімдерді неге Ресейде тыйым салған? Оны халықтың денсаулығына зиян деп отыр. Ал неге біз оны Қазақстанға кіргіземіз? Сіздер осыған тексеру жүргізесіздер ме? Біз тек ұлттық өндірушілердің мұң-мүддесін ғана орындамай отырған жоқпыз. Біз халқымыздың денсаулығына зиян келтіріп отырмыз. Осы мәселеге қатысты қандай нақты шаралар қолданып жатырсыздар? Юговской өнімдері жайында білесіз бе? – деп сұрады Мәжіліс депутаты министрден.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев депутат көтерген мәселеге қатысты ойын айтты.

Юговской өнімдеріне қатысты мәселені жазып алдым, оған қатысты тексеру шараларын жүргіземіз. Бізде бақылау жүргізетін 18 мың адам бар. Бірақ олардың координация жағынан сұрақтар болды. Біз жылдың басында ахуалды штаб енгіздік. Енді оған тексеретін органдардың барлығын кіргіздік. Енді қазір кіретін кезде не істеу керегін, зерттеуді қалай жүргізу керегін нақты білеміз. Техникалық кедергілер тек қана сапа және қауіпсіздік жағынан қойылатынын дұрыс айттыңыз. Оған нақты дәліз, зерттеудің хаттамалары керек. Келесі жылға 85 нақты тауар позициясын жоспарға енгіздік. Олар кірген кезде олардың үлгісін тексереміз, - деді ол.

Министр келесі жылы қандай өнімнің кіргізілмегені жайлы жарты жылда есеп беретінін айтты.

Егер Юговской өнімдеріне қатысты Ресейдің өз ішінде сіз айтқандай факт болса, онда біз ешқандай хаттаманы күтпей, бұл өнімге тыйым саламыз, - деп жауап берді Шаққалиев Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы