Қазақстанға алғысымды білдіремін – БҰҰ Бас хатшысы

21 Маусым 2023, 11:20
1030
Бөлісу:
Қазақстанға алғысымды білдіремін – БҰҰ Бас хатшысы
Фото: Ақорда

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Астанада өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумына сәлемін жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық волонтерлер форумына өз сәлемімді жолдауға және Қазақстанға волонтерлікті ілгерілетуге, озық тәжірибемен бөлісуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігі үшін өз алғысымды білдіруге қуаныштымын, - деді ол.

Бас хатшы волонтерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының құндылықтарын бейнелейтінін, Бас Ассамблея растағандай, волонтерлік 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуде және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Адамзат күрделі және өзара байланысты сын-қатерлерге тап болған жағдайда еріктілердің адалдығы мен берілгендігі бұрынғыдан да қажет. Еріктілер гуманитарлық көмек көрсету, бейбітшілік пен теңдікті жақтау, планетамызды қорғау үшін қызмет ету арқылы және әртүрлі басқа тәсілдермен сансыз адамдардың өмірлері мен қауымдастықтарға нақты өзгерістер әкеледі, - деді ол.

Сондай-ақ ол өз уақыты мен күш-жігерін мұқтаж жандарға көмектесуге арнайтын дүние жүзіндегі миллиондаған адамдарға шын жүректен алғыс айтып, барлық үкіметтерді волонтерлікті қоғамдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейтудің және әлеуметтік келісімді құрудың маңызды құралы ретінде қолдауға және тануға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы