Қазақстанда жолбарысты тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының маңызды кезеңі басталды. Ресей Федерациясынан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына төрт амур жолбарысы жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, Қазақстанға әкелінген жыртқыштардың екеуі – ересек дарақ, қалған екеуі – жолбарыстың төлі. Жануарлар Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі жабайы табиғаттан ұсталып, халықаралық табиғат қорғау ынтымақтастығы аясында берілген.
Бұл жоба жолбарысты 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен тарихи таралу аймағына қайта жерсіндіруге бағытталған.
Қазақстан аталған бастаманы 2010 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен жолбарысты сақтау жөніндегі халықаралық форумнан кейін қолға алған. Сол форумда жолбарыс таралған мемлекеттер жабайы табиғаттағы жыртқыштар санын қалпына келтіру бойынша ортақ міндеттемелер қабылдаған болатын.
Бағдарламаның ғылыми негізі ретінде 2010-2015 жылдары әзірленген Қазақстан Республикасында жолбарысты қайта жерсіндіру тұжырымдамасы пайдаланылған. Құжат қазақстандық және ресейлік ғалымдармен бірге Халықаралық табиғат қорғау одағы сарапшыларының қатысуымен дайындалған.
Мамандардың бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша қайта жерсіндіруге ең қолайлы аумақ ретінде Іле өзенінің атырауы мен оңтүстік Балқаш өңірі таңдалған. Осы мақсатта «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, жануарларды бейімдеу және табиғатқа жіберу үшін арнайы инфрақұрылым дайындалған болатын.
2025 жылғы 12 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов амур жолбарыстарын Қазақстанға әкелу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойған еді.
Қазіргі уақытта жолбарыстар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы қоршауларына орналастырылып, мамандардың бақылауына алынған. Алдағы уақытта жануарлар карантиндік кезеңнен өтіп, табиғи ортаға бейімделеді. Кейін олар табиғатқа жіберілер алдында спутниктік қарғыбаулармен жабдықталады. Бұл мамандарға жыртқыштардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.