Қазақстанға әкелінген тауарлардың 3 300-інен заңбұзушылық анықталды

2026 жылдың тоғыз айында 4 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, шамамен 3 300 жағдайда заңбұзушылық анықталған.

 pixabay.com 14 Қазан 2026, 13:00
14 Қазан 2026, 13:00
107
Фото: pixabay.com

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда импорттық өнімдерге қатысты 4 мыңнан астам тексеру және бақылау іс-шарасы жүргізілді. Оның шамамен 3 300-інде заңбұзушылық анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, талаптардың сақталуын бақылау бағытында комитеттің аумақтық департаменттері жұмыс істеп жатыр. Олар жоспардан тыс және бірлескен тексерулер жүргізіп, профилактикалық бақылау шараларын да қолға алған.

Анықталған заңбұзушылықтардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Электрондық жүйедегі мәселелер шешілді

Баспасөз мәслихатында журналистер бизнестің электрондық жүйесінде туындаған техникалық қиындықтар туралы да сұрақ қойылды. Атап айтқанда, шағымдарға жауап беру, жеке кабинетке кіру, құжаттардың кешігуі және электрондық қол қою кезінде қателіктер болғаны айтылды.

Қанат Қабылбековтің сөзінше, 2026 жылы жүйенің техникалық жұмысына байланысты проблемалар туындаған. Алайда қазіргі уақытта олардың барлығы шешіліп, жүйе қайта іске қосылған.

Қазір жұмыс қалыпты режимде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда айтарлықтай қиындықтар жоқ, – деді ол.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін импорттық өнімдерге қатысты мәселе көтерілді. Алайда өнімдердің нақты қандай түрлері жиі талапқа сай келмейтіні жөнінде мәлімет берілген жоқ.

Комитет өкілінің айтуынша, аумақтық департаменттер бақылау жұмыстарын жалғастырып, анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Наверх