Қазақстанға 105 елдің азаматы бір реттік электрондық визамен келе алады

19 Қараша 2026, 12:40
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 19 Қараша 2026, 12:40
19 Қараша 2026, 12:40
43
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан шетелдік туристерді тарту үшін визалық рәсімдерді жеңілдетіп, халықаралық әуе қатынасын кеңейтіп жатыр. Қазір 105 елдің азаматы Қазақстанға бір реттік электрондық виза арқылы келе алады. Сонымен қатар 31 мемлекетпен 137 бағыт бойынша әуе қатынасы жолға қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, шетелдік туристер санын одан әрі арттыру үшін көлік қатынасын жақсарту және визалық рәсімдерді жеңілдету маңызды.

24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты іске қосылды. Қазіргі уақытта 31 елмен 137 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы бар.

Биыл «ашық аспан» режимі 17 әуежайда қолданылады. Бұл режим әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалануға мүмкіндік береді. Соның арқасында шетелдік әуе компаниялары Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдерге рейстер орындай алады, - деді министр.

Үш жаңа әуежай салынып жатыр

Елімізде әуежай инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Арқалық әуежайы қайта іске қосылды, ал Павлодарда ұшу-қону жолағы жаңартылды.

105 елдің азаматы электрондық виза ала алады

Шетелдік туристерді тартудың тағы бір жолы – визалық рәсімдерді жеңілдету. Қазіргі уақытта 105 елдің азаматы Қазақстанға келу үшін бір реттік электрондық виза ала алады.

Сонымен қатар 2024 жылғы 18 қарашадан бастап Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтін шетелдіктерге арналған Neo Nomad визасы енгізілген. 2026 жылғы қазанға дейін бұл визаны 103 шетел азаматы алған.

Айта кетейік, Қазақстан туризмді дамыту индексінде 110 елдің арасында 56-орынға жайғасты.

Сондай-ақ, Қазақстан туристерден қанша табыс тапқаны белгілі болды. 

Наверх