Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 853 миллиард теңгеден асты

25 Тамыз 2022, 11:52
656
Бөлісу:
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде   853 миллиард теңгеден асты
Фото: BAQ.KZ

2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,7 трлн теңге  зейнетақы жинақтары қалыптасты деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәлімдеуінше,  бір жыл ішінде сома 853,7 млрд теңгеге немесе 6,7 % өсті. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 13,3 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 404,6 млрд теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен  2,9 млрд теңге.

Кіріс ағындары, атап айтқанда, жарналар биыл көбейді. 2022 жылдың жеті айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 952,4 млрд теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 29% немесе 211,6 млрд теңгеге көп. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша болғанын атап өту керек. Жарналардың жалпы көлемінің 95,3% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды – 907,4 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 28%), МКЗЖ бойынша 43,6 млрд теңге (өсім 37%) түссе, ЕЗЖ бойынша 1,5 млрд теңге (өсім 293%) аударылды. 

Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2022 жылғы 1 қаңтар мен 1 тамыз аралығында шамамен 501,1 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді.

2022 жылдың 1 тамызына БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,0 млн бірлікке жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды – 10 889 461 бірлік. МКЗЖ бойынша қалыптасқан шоттар 577 104 бірлік болса, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан жеке зейнетақы шоттарының саны 342 988 бірлікке жетті.  

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 1 триллион теңгеден асатын сома төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады – 858,0 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 64,2 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 38,4 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 29,5 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 15,4 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 3,2 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 1,4 млрд теңге.

Атап кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 812 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.

Тақырып бойынша бейнетүсіндірме – сілтеме бойынша.

Өзгелердің жаңалығы