Қазақстандықтарды әкелуге Израильге қосымша әуе рейсі жіберіле ме?

11 Қазан 2023, 14:00
843
Бөлісу:
Қазақстандықтарды әкелуге Израильге қосымша әуе рейсі жіберіле ме?
Фото: Нұркен Алишев - архив

Израильдегі жағдай бойынша еліміз азаматтарды әкелуге тағы әуе рейсін жіберу мәселесі сөз болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

Израильге қосымша рейс қарастырылмайды. Кеше Тель-Авив-Ақтау-Алматы бағыты бойынша рейс жүзеге асырылды. 160 азамат келді, борттың мүмкіндігі 180 адамға дейін. Яғни орын жетпей қалды деген мәселе болмады. Елге оралғысы келетін барлық азамат Қазақстан Республикасының аумағына жеткізілді. 166 азаматтың 42-сі шетел азаматы болды, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр жағдай оңалғанға дейін Израильге әуе қатынасы уақытша тоқтатылды деп отыр.

Әуе қатынасын тоқтату Израиль аумағындағы жағдай жақсарғанға дейін жалғасады, - деп толықтырды ол.

Еске салайық, өңірде 7 қазанда басталған қарулы қақтығыс ХАМАС қозғалысының Израиль аумағын зымыран атқылауынан соң басталған еді. Көптеген адам қаза тапты, жарақаттанғандар саны да аз емес. 

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін айтып берді. Сонымен қатар ол Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін нақтылады.

10-нан 11-іне қараған түні Air Astana әуе компаниясының бортымен Алматы халықаралық әуежайына Израильден 166 адам ұшып келді. Оның 124-і Қазақстан азаматтары болса, 42-сі шетелдіктер. 

Өзгелердің жаңалығы