Қазақстандықтар «Запорожец» көлігімен жол апатына түскен зейнеткерге қомақты қаражат жинап берді

24 Тамыз 2022, 17:19
806
Бөлісу:
Қазақстандықтар «Запорожец» көлігімен жол апатына түскен зейнеткерге қомақты қаражат жинап берді

Ел ескі «Запорожец» көлігімен жол апатына ұшыраған павлодарлық зейнеткерге көмектесті. Екі миллион теңге небары үш сағаттың ішінде жиналған, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

«Запрожец» көлігінің иесі Ефим Никитичтің жол апатынан көңілсіз тұрған сәтін тұрғындар бейнеге түсіріп, әлеуметтік желіге салған болатын. Бұны көрген тұрғындар қаржы жинауды ұйғарды. 

Бастаманы Екібастұз қаласының тұрғыны Динара Молданазарова көтерді. Кейін 85 жастағы зейнеткердің банктік есепшоты ашылып, жинау науқаны аяқталды. 

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, зейнеткер ескі көлігімен «Тойота» машинасына соғылып қалған. Шетелдік темір тұлпардың екі фарасы қираған. Енді зейнеткер бұл көлікті жөндеуді өз мойнына алуы керек.

Ефим ата жол-көлік оқиғасына кінәлі болып шықты. Оған қоса машинасын сақтандырмаған. Ал шетелдік көлік қатты зардап шекті. Қазіргі уақытта келтірілген зиян көлемі анықталып жатыр. Шығын көлемі белгілі болған кезде жиналған қаржыны аударамыз, - дейді Екібастұз қаласының тұрғыны. 

Бұл игі іске еріктілер де үн қосты. Волонтерлердің айтуынша, зейнеткердің көлігі жүруге жарамсыз. Бұл жағдайдан хабардар болған семейлік Асылбек Андабаев өз «Запорожец» көлігін сыйлауға дайын екенін айтқан. Тосын сый осы аптаның соңында Павлодарға жетеді. Азамат ескі модельді жеті жыл бұрын сатып алғанын айтты. Бірақ, көңілі пәс зейнеткерді көргенде машинаны сыйға тартуды шешіпті.

Өзгелердің жаңалығы