Қазақстандықтар үшін бұдан былай салық есебін толтыруға арнайы АІ-көмекші көмектеседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Вице-премьер салық әкімшілендіру саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану туралы айтты.
Ол министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп, салық есептілігін тапсыру және салық нормаларын қолдану бойынша тәулік бойы онлайн кеңес беретін AI-көмекшіні іске қосқанын еске салды.
Бұл жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты әсіресе өзекті. Азаматтар мен бизнес салық мәселелері бойынша түсінікті әрі жедел жауап ала алады. Қызметтің басты артықшылығы – салық нормаларын барынша қолжетімді ету. Пайдаланушы күрделі заң тілін емес, не істеу керектігін және қателіктерден қалай сақтану керектігін қарапайым түрде түсінеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 5 мыңнан астам сұраныс өңделген, бұл сервистің сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Келесі кезеңде бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін салық есептілігінің барлық түрін және декларацияларды автоматты түрде толтыруды енгізу жоспарланып отыр, – деп түсіндірді министр.
Еске салайық, бұған дейін Жаслан Мәдиев ЖИ енді кәсіпкерлерге бизнесті қайдан ашуға кеңес беретінін айтты.