Қазақстандықтар үш адамнан тұратын топпен қоғамдық бірлестік құра алады

8 Қараша 2023, 12:25
654
Бөлісу:
Қазақстандықтар үш адамнан тұратын топпен қоғамдық бірлестік құра алады
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заң жобасын депутаттар алдында таныстырды.

Қолданыста жүрген қоғамдық ұйымдар туралы заңның қабылданғанына биыл 27 жыл болады. Осы уақыт ішінде бұл заң азаматтарымыздың қоғамдық белсенділігін көтеруге едәуір қызмет етіп, бұл бағыттағы құқықтарын кеңейтуге ықпал етті. Еліміздегі демократиялық үрдістердің жаңа белеске шығуы Президентіміздің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауындағы азаматтық қоғаммен әріптестікті тереңдету туралы талабынан басталды, - деді Балаева.

Өз кезегінде бұл азаматтарымыздың қоғамдық құқығын одан әрі кеңейтіп және жаңа мүмкіндіктер туғызуды міндеттейді. Сондықтан қоғамдық ұйымдар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – уақыт талабы.

Бұл өзгерістердің ең басты жаңалығы – қоғамдық ұйымды тіркеу үшін бастамашыл азаматтардың санын үш есе, яғни 10 адамнан 3 адамға дейін қысқарту болмақ. Дегенмен қоғамдық ұйымдарға қатысты мұндай еркіндік әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып жасалғанын ерекше атап өту керек. Біз өз кезегімізде Бельгия, Чехия, Литва елдерінде бар жүйеге жүгініп, бастамашыл 3 адамдық принципті қабылдап отырмыз. Бұл қадам еліміздің халықаралық беделін бекіте түсетініне сенімдіміз, - деп айтты министр.

Сонымен қатар бұл заң жобасы еліміздегі соңғы кездегі құрылған жаңа өңірлер туралы заңнамалық өзгерістерді ескере отырып және коммерциялық ұйымдар туралы қолданыстағы заңның нормаларын қайталанбайтынын атап өтті.

Мәжіліс заң жобасын дауысқа салып, оны бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы