Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуы мүмкін

8 Тамыз 2023, 11:29
1497
Бөлісу:
Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуы мүмкін
Фото: Арман Мухатов - архив

Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тамара Дүйсенова Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының заңды жұмысқа орналасуы жөнінде айтып өтті.

Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Біз migration.enbek.kz порталы арқылы осы жүйеге жұмысқа орналасу мүмкіндігін қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге көмектесу үшін тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді, – деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ биыл Қазақстанға 13 мыңға жуық қандас келген. Оның 8,5 мыңы еңбекке қабілетті.

Келген азаматтар әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған. Сондай-ақ көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны да белгілі болды.

Көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам болған. Еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбекмині Түркиямен, БАӘ, Ұлыбритания елдерімен жаңа келісімдер жасауға қосымша шаралар қабылдады, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, Үкімет отырысы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қай ел азаматтары елімізге жиі қоныс аударатыны туралы айтқан еді. Сонымен қатар А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатқаны айтылды. 

Өзгелердің жаңалығы