Қазақстанның қалалары мен аудандарында орналасқан 216 мансап орталығы еңбек делдалдығын ұйымдастырып, азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған қызметтер көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мансап орталығының жұмысы туралы мәлімет ұсынды.
Жұмыс іздеушілерге қандай қызмет көрсетіледі?
Мансап орталықтары азаматтарға:
• жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркелуге;
• әлеуметтік және кәсіби бағдар алуға;
• еңбек нарығына тұрақты кірігу үшін жеке жұмыспен қамту жоспарын әзірлеуге;
• лайықты жұмыс табуға жәрдем алуға;
• лайықты жұмыс болмаған жағдайда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама алуға;
• жұмыспен қамту мақсатында жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуға көмектесуге мүмкіндік береді.
Жұмыс берушілерге қандай қолдау бар?
Орталықтар жұмыс берушілерге де қызмет көрсетеді. Атап айтқанда:
• біліктілік талаптарына сәйкес персонал іріктеу;
• субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша кеңес беру;
• жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде субсидияланатын жұмыс орындары мен кәсіби оқытуды ұйымдастыру;
• мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін арнайы жұмыс орындарын ашуға жәрдемдесу.
Мансап орталықтары жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізеді.
Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамту қызметтеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында жылжымалы мансап орталықтары бар мобильді топтар жұмыс істейді. Олар ауыл тұрғындарына:
• жұмыссыз азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңес береді;
• жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері мен шарттары жөнінде ақпарат ұсынады.
Мансап орталықтарының мекенжайлары мен байланыс телефондары enbek.kz интернет-ресурсында қолжетімді.