Қазақстандықтар "Loft" стиліндегі үйлерге қызығады - интерьер дизайнері

18 Қазан 2023, 09:39
1646
Бөлісу:
Қазақстандықтар "Loft" стиліндегі үйлерге қызығады - интерьер дизайнері
Фото: pixabay.com

Бүгінде ең қажет әрі сәнді мамандықтың бірі – интерьер дизайнері. Бұл мамандық иесі адамның өмір сүру жағдайын қолайлы ету үшін үйлесімді орта қалыптастыратын жобалар жасайды. Қарапайым тілмен айтқанда, ол үйіңіздің немесе кеңсеңіздің әдемі әрі жайлы болуына үлес қосады. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі интерьер дизанері Әсел Беймаханмен әңгімелескен еді.

Интерьер дизайнері бөлмеде ерекше атмосфера, стиль, сұлулық пен жайлылық жасайды. Олар әр тапсырыс беруішінің арман-қалауын ескере отырып, биік талғамның үдесінен шығатын жобаларды жүзеге асыруға тырысады.

Бұл мамандыққа диплом керек емес. Себебі интерьер дизайнері күн сайын ізденісте болуы қажет. Тапсырыс берушінің нені қалайтынын, талғамы қандай екеніне сараптама жасап, ортақ тіл табысу қажет. Дизайн психологиясы деген ғылым бар. Бұл интерьерден бастау алатын тұсы. Сен онымен бірге жұмыс істейсің. Әрдайым тапсырыс берушімен байланыста болып, отбасына енесің. 6-8 ай немесе 1-2 жыл бойы сол отбасының мүшесіндей болып кетесің. Сондықтан өзара қарым-қатынасты алдыңғы орынға қою қажет. Мен интерьерді әрлеуді бастар алдында, біз бір-бірімізбен ұзақ уақыт өткіземіз. Ол адамға қонақ келе ме? Келмей ме?. Көгалдандыруды жақсы көре ме, жоқ па - барлығын білуім керек. Біреулер соңғы тенденцияны сүйеді, енді бірі стиль мен жайлылықты қалайды. Сондықтан үй ішін әрлеудің бірнеше нұсқасын таңдау мүмкіндігі бар, – дейді интерьер дизайнері Әсел Беймахан.

Интерьер маманның айтуынша, бұрын қазақстандықтар классикалық стильді жақсы көретін. Дегенмен соңғы уақытта заманауи стильге көше бастаған. Соңғы уақытта 10 тұтынушының 8-і үйлерін заманауи стильде безендіруді сұрайтын болған. 

Қазақстандықтар "Loft" стиліндегі үйлерге қызығады - интерьер дизайнері

Адамдардың көпшілігі америкалық заманауи стильге құмарта бастаған. Мәселен, үлкен диван, үлкен жастық, жұмсақ та жайлы жиһаз таңдайды. Сол себептен қазір «Loft» стилін үйге икемдеп жатырмыз. Қазіргі уақытта адамдар заттарды табиғи түрде пайдалануды сәнге айналдырды. Нақытырақ айтсақ бетонды, ағашты қолдануға болады. Бұрын қабырғаны қалай жасайық дегенде, адамдар бірден салонға барып, тұсқағаз, мата  дайындайтын. Ал қазір халық бояуға әуес. Яғни «Loft» пен модернға сай болуын қалайды, – дейді интерьер дизайнері Әсел Беймахан.

Қазіргі кезде үйдің әр шаршы метрін тиімді пайдалану, кеңістікті дұрыс ойластыру, әдемілік, жайлылық үшін кәсіби маманның жұмысы аса маңызды.

Біздің мамандықта дайын заттарды үйлестіріп қоймаймыз. Әр дизайнердің суретшілік икемі болу қажет. Сонда ғана 1-2 бөлмелі үйді сәнді әрі кең етіп көрсетуге болады. Бөлмелерде түсті дұрыс таңдап, заттарды үйлесімді етіп ұштастыра білген жөн. Егер маманның көмегіне жүгіну қиын болса, әр адам жылда сәнде болатын түсті таңдап, журналдардағы дайын эскизбен үйін әрлей алады. Үйді сәнді жасаймын деп барлық стильді біріктірудің қажеті жоқ. Сондай-ақ жатын бөлмені қызыл, балалар бөлмесін алуан түрлі түске бояудан аулақ болыңыз дер едім. Оныі орнына әр бөлмені ашық жасыл, сары, көк түстерге бояған сәнді әрі жағымды көрінеді, - дейді Әсел Беймахан.

Үй-жайлардың дизайнында әртүрлі тарихи дәуірлерде қалыптасқан көптеген стильдер бар: жоғары технологиялық, заманауи, деконструктивизм, романеск, модернизм және басқалары, бұлардың әрқайсысын дизайнер сарапшы деңгейінде білуі керек.

Өзгелердің жаңалығы