«Астана» халықаралық қаржы орталығында цифрлық активтермен сауда жасайтын үш биржаға толық лицензия берілген. Тағы бірнеше компания FinTech Lab реттеушілік сынақ алаңында жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Astana Finance Day форумының аясында АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу комитетінің (AFSA) нарықтар жөніндегі бас директоры Владимир Савов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, АХҚО-да цифрлық активтер нарығын реттейтін құқықтық база қалыптасқан. Лицензияланған платформаларға қойылатын талаптар инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Ең басты артықшылық – инвестор ретінде құқығыңыздың қорғалуы. Лицензия алған компаниялар көптеген талапқа сай болуы керек. Реттеуші олардың осы талаптарды сақтауын қадағалайды. Егер қандай да бір бұзушылық болса, тиісті шаралар қабылданады, – деді Владимир Савов.
Ол лицензия беру кезінде компания басшылығы, сауда жүйелері, IT инфрақұрылымы және активтердің қайда сақталатыны тексерілетінін түсіндірді. Ал лицензиясыз платформаларда клиенттің өз қаражатын кімге сеніп тапсырып отырғанын анықтауы қиын болуы мүмкін.
Мұндай алаңның қайда орналасқанын, кеңсесі қайда екенін, оны кім басқаратынын, клиенттердің тапсырыстарын кім және қалай орындайтынын білмеуіміз мүмкін. Кейін оларды табудың өзі қиынға соғады. Ал лицензияланған операторлар осында, Астанада, АХҚО-да орналасқан. Біз оларды тексердік, сауда жүйелерін білеміз және активтердің қайда сақталатынынан хабардармыз, – деді ол.
Савовтың мәліметінше, қазір цифрлық активтер биржаларына үш толық лицензия берілген. Бұдан бөлек, бірнеше компания FinTech Lab аясында қызметін сынақтан өткізіп жатыр. Бұл кезеңде олардың клиенттер саны мен ұсынатын өнімдеріне шектеу қойылады.
Сынақ алаңындағы компаниялардың жүйелері толық лицензия алғанға дейін тексеріледі. Олардың қанша клиентпен жұмыс істейтініне, қандай өнімдер ұсынатынына қатысты шектеулер бар. Толық режимге өткеннен кейін мүмкіндіктері кеңейеді, – деді AFSA өкілі.
Оның бағалауынша, қалыптасқан реттеу жүйесі Қазақстанға Орталық Азиядағы цифрлық активтер нарығында бәсекелік артықшылық береді. Савов бұл жүйеде IOSCO және FATF халықаралық стандарттары басшылыққа алынатынын, ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптар сақталатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол азаматтарға жарнамадан көрген кез келген платформаға бірден сенбей, алдымен оның лицензиясын тексеруге кеңес берді.
АХҚО реттеушісінің тізілімінде лицензияланған платформалардың толық тізімі бар. Егер компания сол тізімде болмаса, оның қызметін пайдаланбаған жөн, – деді Владимир Савов.