Қазақстандықтар Иран аумағында 14 күн бойы визасыз жүре алады

7 Қараша 2022, 17:00
959
Бөлісу:
Қазақстандықтар Иран аумағында 14 күн бойы визасыз жүре алады

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Иран Ислам Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 11 қарашадан бастап екі ел арасындағы қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізеді. Бұл біздің азаматтарымызға Иранның аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі. 

Айтуынша, жазда еліміз үш мемлекет: Иран, Қытай және Үндістан азаматтары үшін елімізге визасыз кіру тәртібін енгізген. 

Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі №464 қаулысымен қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, іскерлік байланыстарды жандандыру және еліміздің туристік әлеуетін одан әрі жүзеге асыру мақсатында Иран, Қытай және Үндістанның азаматтары үшін визасыз кіру тәртібі енгізілді. Осы шешім аталған шет елдердің азаматтарына Қазақстанның аумағында күнтізбелік 14 күнге дейін 180 күнтізбелік күнді қамтитын әрбір кезең ішінде жалпы алғанда 42 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік береді, - деді Айбек Смадияров.

Айта кететін жайт, отандастарымызға 180 күн бойы 14 күннен 42 күнге дейін Иранда визасыз жүруге болады.  

Өзгелердің жаңалығы