- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстандық жоба әлемдік нарыққа шықты: Моңғолияда табынды бақылаудың жаңа жүйесі таныстырылды
Қазақстандық жоба әлемдік нарыққа шықты: Моңғолияда табынды бақылаудың жаңа жүйесі таныстырылды
iGPS платформасы арқылы 130 мыңнан астам жылқы бақыланады. Енді технология Моңғолияның ауқымды жайылымдарында сынақтан өтпек.
-
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы
21 Қыркүйек 2026, 18:06
Жүздеген шақырым жердегі табынның қайда жүргенін смартфоннан көру, жылқылардың дене қызуы мен қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат алу, тіпті ұялы байланыс жоқ жерде де малды бақылау. Мұның бәрін қазақстандық iGPS командасы әзірлеген технология жүзеге асырады. Енді отандық жоба халықаралық нарыққа шығып, алғашқы бағытын Моңғолиядан бастады.
iGPS командасы Моңғолияны ең перспективалы нарықтардың бірі деп санайды. Елде ауыл шаруашылығы жануарларының саны ондаған миллионға жетеді, ал жайылымдық аумақтар өте ауқымды. Сондықтан мал мен табынды бақылау мәселесі бұл ел үшін айрықша маңызды.
Моңғолияда iGPS Tech командасы үкімет, агроөнеркәсіп саласы, бизнес және мал шаруашылығы өкілдерімен кездесті. Қазақстандық технология Моңғолия Үкіметінің мүшесі, Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрінің бас кеңесшісі Чулуунбат Бат-Эрдэнэ мен Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрінің бірінші кеңесшісі Эрхэмбаярұлы Эрдэнбулганға таныстырылды.

Сондай-ақ Ұлан-Батор жылқы өсірушілер одағы басшысының орынбасары Даваасүрэнұлы Очирсүрэнмен және Mortin Grand президенті Загдахүүұлы Мягмардоржбен кездесулер өтті.
iGPS-трекерден жануарларды цифрлық басқаруға дейін
Бүгінде iGPS Tech платформасын 3 800-ден астам белсенді қолданушы пайдаланады, ал технология арқылы 130 000-нан астам жылқы бақыланады. Сегіз жыл ішінде команда дайын шетелдік жабдықтарды пайдаланудан бастап, өз технологиялық шешімдерін әзірлеуге дейінгі жолдан өтті.
Бұған дейін iGPS-трекерді, мысалы, табынның бастаушысы саналатын айғырға тағуға болатын. Иесі оның нақты координаттарын көріп, сол арқылы бүкіл табынның қай жерде жүргенін анықтайтын.
Енді iGPS технологиясы жаңа деңгейге көтерілді.
Жаңа шешім спутниктік трекерді биосенсорлармен біріктіреді. Бір негізгі трекер бір уақытта тоғыз биосенсордан ақпарат қабылдай алады. Осылайша, бір жинақ онға дейін жануарды қамтиды.
Биосенсорлар әр жануардың дене қызуы мен қозғалыс белсенділігін тіркейді. Ал негізгі трекер бұл ақпаратты жинап, спутниктік байланыс арқылы жібереді.
Яғни бұған дейін басты сұрақ «Жануар қайда?» болса, енді технология «Оның жағдайы қандай?» деген сұраққа да жауап беруге мүмкіндік береді. Келесі қадам – осы мүмкіндіктердің барлығын табынды толық цифрлық басқару жүйесіне біріктіру.
Екі күнде 1 000-нан астам өтінім
Жаңа технология қоғамның айтарлықтай қызығушылығын тудырды. iGPS туралы алғашқы видео жарияланғаннан кейін компания небәрі екі күн ішінде 1 000-нан астам өтінім алды. Ал әзірлеме туралы видеолардың жалпы қаралымы 1 миллионнан асты.
Технологияға қазақстандық мал өсірушілермен қатар, басқа елдердің пайдаланушылары да қызығушылық таныта бастады. Солардың ішінде негізгі бағыттардың бірі – Моңғолия.
Біз Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын өнім жасағымыз келеді. Моңғолия біз үшін ең қисынды нарықтардың бірі. Мұнда қашықтық өте үлкен, табындар ірі, ал мал шаруашылығы ел экономикасы мен мәдениетінің маңызды бөлігі саналады.
Біз осындай мәселелерді Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және жайылымдық мал шаруашылығы дамыған басқа да елдерден көріп отырмыз. Алайда біздің мақсатымыз GPS-трекерлерді жай ғана сату емес.
Қазақстанда жасалған технология әлемдегі мал шаруашылығын цифрландырудың негізгі құралдарының біріне айналса дейміз, - дейді iGPS Tech компаниясының негізін қалаушы әрі CEO, Forbes Kazakhstan «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енген Мирас Байжігіт.
Қазақстан мен Моңғолия: технология ғана емес, тәжірибе алмасу
Моңғолияға сапар iGPS технологиясын таныстырумен ғана шектелген жоқ. Қазақстандық және моңғолиялық мамандар бірлескен экспедициялар, тәжірибе алмасу, зерттеу жұмыстары және ықтимал пилоттық жобаларды талқылады.
Біз үшін iGPS технологиясына деген қызығушылықпен қатар, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы кең ауқымды ынтымақтастыққа деген ықыластың болғаны маңызды.
Екі елдің мәдениеті мен мал шаруашылығына деген көзқарасында ұқсастық көп. Сонымен бірге әрқайсысының өзіндік тәжірибесі бар. Біз бір-бірімізден үйреніп, бірлескен экспедициялар өткізіп, тәжірибе алмасып, жаңа шешімдерді бірге іздей аламыз.
Түптеп келгенде, технология жануардың картадағы орнын ғана көрсетіп қоймай, шаруашылықтардың тиімділігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын арттыруға көмектесуі керек, - дейді iGPS Tech компаниясының маркетинг және даму жөніндегі серіктесі Жанкелді Ғапбасов.
Бір сұрақтан басталған тарих
iGPS тарихы сегіз жыл бұрын басталды. Ол кезде Мирас Байжігіт медициналық университетте студент болып жүріп, балаларға арналған GPS-сағаттар сататын.
Бір күні клиент одан:
Ал жылқыларды бақылауға болады ма? – деп сұрайды.
Дәл осы сұрақ жаңа жобаның басталуына себеп болды.
Мирас Байжігіт спутниктік мониторинг технологияларын зерттеп, шаруашылықтарды аралап, жылқы өсірушілермен сөйлесе бастады. Оның мақсаты – нақты мал шаруашылығы жағдайында қолдануға ыңғайлы өнімнің қандай болуы керектігін түсіну еді.
Уақыт өте келе команда өз мобильді қосымшасын жасап, кейін жеке жабдықтарын әзірлеуге кірісті.
iGPS деректері ғылыми зерттеулерде де қолданылады
Қазір iGPS жұмысының жеке бір бағыты ғылыммен байланысты. Сегіз жыл ішінде технология жануарлардың еркін жайылым жағдайындағы қозғалысы туралы ауқымды деректер жинауға мүмкіндік берді.
Бұл мәліметтер мал өсірушілер үшін ғана емес, ғалымдар үшін де құнды.
Атап айтқанда, iGPS Германиядағы Georg-August-Universität Göttingen зерттеушілерімен бірлесіп жұмыс істейді. Ғалымдар жануарлардың еркін жайылуының табиғи экожүйелерге әсерін, соның ішінде оның табиғи өрттердің қаупін азайтудағы ықтимал рөлін зерттеп жатыр.
Мұндай зерттеулер үшін жануарлардың үлкен аумақтардағы нақты қозғалысы туралы көпжылдық деректер ерекше маңызды.
Компания алдағы уақытта қазақстандық зерттеушілер мен университеттерді де ғылыми жұмыстарға белсендірек тартуды жоспарлап отыр. iGPS командасы жинақталған деректерді мал шаруашылығы, экология, жайылымдарды басқару және жаңа агротехнологияларды әзірлеу бағыттарындағы зерттеулерге пайдалануға болады деп есептейді.
Келесі қадам – толық технологиялық тізбек

iGPS-тің келесі ірі мақсаты – трекерлер, биосенсорлар мен мобильді қосымшадан бастап, жеке спутниктік инфрақұрылымға дейінгі толық технологиялық тізбекті өз ішінде қалыптастыратын вертикалды интеграцияланған технологиялық компанияға айналу.
Бұл болашақта компанияға құрылғыны жануарға тағудан бастап, деректі жинау, оны спутник арқылы жеткізу, өңдеу және мал шаруашылығына арналған цифрлық платформада көрсетуге дейінгі бүкіл процесті өз бақылауында ұстауға мүмкіндік береді.
Технологияны дамытқанда команда бір қарапайым қағиданы басшылыққа алады: «Сау жануарлар. Мықты шаруашылықтар. Өркендеген Қазақстан».
Ал халықаралық нарыққа шығу бұл мақсатқа тағы бір үлкен амбиция қосты – Қазақстанда жасалған технологияны әлемнің әр түкпіріндегі мал шаруашылығында қажет болатын шешімге айналдыру.
Ең оқылған:
- Ғалымдар Жердің пішіні өзгеріп жатқанын анықтады
- Араб шейхінің ұлы Мюнхен әуежайында ұсталды
- 20 қыркүйекке арналған валюта бағамы жарияланды
- Нөмірі көрінбеген мотоциклге айыппұл салынды: Алматылық полицейлер түнгі рейд жүргізді
- Алексей Луценко Қазақстанға Азия ойындарындағы екінші алтын медальді сыйлады