Қазақстандық тасымалдаушылар «Беларусь-Ресей» шекарасынан 1 учаске арқылы ғана өте алады

17 Қаңтар 2024, 19:19
522
Бөлісу:
Қазақстандық тасымалдаушылар «Беларусь-Ресей» шекарасынан 1 учаске арқылы ғана өте алады
Фото: rg.ru

Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға Беларусь-Ресей шекарасынан «Езерище-Лобок» учаскесі арқылы өтуге мүмкіндік берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметкерлері 2023 жылдың 12 желтоқсанынан «Рудня» шекара өткелі арқылы қазақстандық тасымалдаушылардың екі бағытта да өтуіне тосқауыл қойған болатын.

Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық жүк тасымалдаушылары үшін Ресей-Беларусь учаскесіндегі «Красный камень», «Красная горка» шекара өткелдері арқылы жүру шектелді. Бұл ретте 8 қаңтарға дейін Ресей ФҚҚ Шекара қызметі белгілі бір кезеңділікпен шетелдік тасымалдаушыларға жол жүруге рұқсат берді.

8 қаңтардан бастап қазақстандық жүк тасымалдаушылары үшін «Красный камень», «Красная горка» шекара өткелдері арқылы өтуі толығымен бұғатталған. Қазақстандық тасымалдаушылар Беларусь және Ресей арқылы Еуропадан Қазақстанға, Беларусьтен Қазақстанға және кері бағытта транзиттік тасымалдарды жүзеге асыра алмады.

Қазіргі кезде Ресей мемлекеттік органдары тарапынан Ресей-Беларусь шекарасындағы шектеу туралы ресми хабарлама жоқ. Бұл ретте осы шекаралық өткелдер екіжақты екені және Ресей мен Беларусь азаматтарына ғана арналғаны анықталды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, ҚР Үкіметі Ресей мен Беларусь аумағы арқылы қазақстандық автокөлік құралдарының транзиті проблемасына жедел әрекет етті.

Ресей Федерациясының бақылаушы органдарының әрекеті қазақстандық тасымалдаушылар үшін ЕАЭО кедендік аумағы бойынша әкімшілік кедергілер мен дискриминациялық жағдай туғызды. Шекарада жүзге жуық қазақстандық жүк көлігі жиналып қалды. Күн райына байланысты жүргізушілердің денсаулығына қауіп төнді. «Атамекен» ұлттық палатасы орын алған жағдайды шешу үшін ҚР Сауда және интеграция вице-министріне тікелей жүгінді. Барлық көлік ағыны «Езерище-Лобок» өткеліне қайта бағытталды. Бірлескен күш-жігердің көмегімен қазақстандық жүк көліктері шекарадан өте алды, – деді Тимур Жаркенов.

Сонымен қатар, «санкциялық» тауарларды әкелу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Өйткені «Езерище-Лобок» шекаралық өткелі навигациялық пломбалар орнатылуы мүмкін пункт ретінде айқындалмаған.

Өзгелердің жаңалығы