Қазақстандық студенттердің IT әзірлемелері әскери полигонда сынақтан өтті

Биыл чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 100-ден астам команда қатысуға өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша 20 үздік команда финалға жолдама алып, өз жобаларын таныстырып, әскери полигонда практикалық сынақтан өтті.

 Ғылым және жоғары білім министрлігі 16 Тамыз 2026, 02:41
16 Тамыз 2026, 02:41
102
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

13–15 тамыз аралығында Ақмола облысында SHAIQAS 2026 әскери-инженерлік чемпионаты өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әзірлеушілер, инженерлер, әскери қызметшілер және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Чемпионаттың финалында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттік командалары өздерінің IT және инженерлік әзірлемелерін таныстырды. Жас мамандар техникалық дайындығын көрсетіп қана қоймай, алған білімдерін практикалық міндеттерді шешуде қолдану қабілетін сынады.

Биыл чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 100-ден астам команда қатысуға өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша 20 үздік команда финалға жолдама алып, өз жобаларын таныстырып, әскери полигонда практикалық сынақтан өтті.

Финалға Nazarbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Woosong University Kazakhstan, ALT University, SDU University және басқа да жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Студенттік командалар робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, автономды жерүсті платформалары, бағдарламалау, цифрлық технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарындағы әзірлемелерін көрсетті.

Ұсынылған жобалардың қатарында мобильді роботтандырылған платформалар, адамдарды қауіпті аймақтардан эвакуациялауға арналған технологиялар, түрлі мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да инженерлік жобалар бар.

SHAIQAS 2026 чемпионатының басты ерекшеліктерінің бірі – студенттердің өз әзірлемелерін зертханалар мен оқу полигондарынан тыс, нақты қолдануға барынша жақын жағдайларда сынақтан өткізу мүмкіндігі.

Қатысушылар әуе және жерүсті ұшқышсыз жүйелер, киберқауіпсіздік және тактикалық дайындық бағыттары бойынша бақ сынап, өз шешімдерінің сенімділігін, функционалдығы мен тиімділігін тексерді.

Студенттер үшін чемпионат әзірлеу мен бағдарламалаудан бастап, дайын шешімді нақты жағдайға жақын ортада сынауға дейінгі толық инженерлік жұмыс циклінен өтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар командалар әскери, өнеркәсіптік және технологиялық салалардың өкілдерімен тәжірибе алмасып, кәсіби пікір алып, жобаларын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін бағалады.

Ведомство мәліметінше, SHAIQAS 2026 студенттердің инженерлік ойлау қабілетін, кәсіпкерлік көзқарасын және технологиялық құзыреттерін дамытуға ықпал етті. Сондай-ақ чемпионат жоғары оқу орындары, мемлекет, қорғаныс саласы және индустрия арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Наверх