Қазақстандық спортшылар 2026 жылы қанша медаль жеңіп алды?

19 Қараша 2026, 13:00
АВТОР
 ҚР ҰОК 19 Қараша 2026, 13:00
19 Қараша 2026, 13:00
112
Фото: ҚР ҰОК

2026 жылы қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда бірқатар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жыл басынан бері олар әлем және Азия чемпионаттарында 103 алтын, 106 күміс және 132 қола медаль жеңіп алған. Ал Жапонияның Нагоя қаласында өткен жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама 84 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін халықаралық жарыстардағы жеңістерден де көруге болады. Оның сөзінше, 2026 жыл Қазақстан спорты үшін маңызды жетістіктерге толы болды, - деді министр.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина биыл «Үлкен дулыға» турнирлерінде екі рет жеңіске жетіп, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Ерлер арасындағы семсерлесуден Қазақстан құрамасы да жоғары нәтиже көрсетті. Бір маусым ішінде Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетті.

Нәтижесінде Қазақстанның ерлер құрамасы Халықаралық семсерлесу федерациясының әлемдік рейтингінде алғаш рет көш бастады.

Жас спортшылар да жоғары нәтиже көрсетті

Жас спортшылар арасында да айтулы жетістіктер бар. Конькимен жүгіруден Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы бір әлем чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алды. Жақында ол Бейжіңде өткен Әлем кубогының ересектер арасындағы кезеңінде күміс жүлдегер атанды.

Ал дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 11 медаль иеленді. Оның төртеуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола.

Азия ойындарында Қазақстан сегізінші орын алды

Жапонияның Нагоя қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі – алтын, 24-і – күміс, 48-і – қола.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 46 елдің арасында сегізінші орынға тұрақтады. Алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда, құраманың алтын медаль саны артқан. Сондай-ақ академиялық есу мен таэквондодан тарихи нәтижелер тіркелді. Велоспортшылар көшбасшылық позицияларын растады. Ойындар бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жек жарыстарында да қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті.

Пара спортшылар 50 медаль жеңіп алды

V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 50 медаль иеленді. Оның 12-сі – алтын, 16-сы – күміс, 22-сі – қола. Жалпыкомандалық есепте еліміз тоғызыншы орынға ие болды.

Қазақстан спортшыларының жалпы нәтижесі қандай?

Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қазақстандық спортшылар 43 әлем чемпионатына және 48 Азия чемпионатына қатысқан.

Осы жарыстардың қорытындысы бойынша олар 103 алтын, 106 күміс және 132 қола медаль жеңіп алды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан легионерлерді бюджеттен қаржыландыруды тоқтатты: Спортта 8 млрд теңге үнемделді 

Қазақстанда 8,5 млн адам спортпен тұрақты айналысады 

Наверх