Қазақстандық спортшы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы атанды

12 Мамыр 2022, 12:57
1306
Бөлісу:
Қазақстандық спортшы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бразилияда өтіп жатқан 24-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен жарыстар аяқталды. 

Бұл сында 130 келіде ел намысын қорғаған Хайратхаан Шонку қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырынан көрінді. Отандасымыз финалдық кездесуде түрік спортшысы Мехмет Юсалды айқын басымдылықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.

Өз кезегінде 97 келіде Асылжан Тажиев Иран спортшысына есе жіберіп, жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Ал Нұржан Асан (77 кг), Алдияр Балташевтар (60 кг) 3-орын үшін болған бәсекеде қарсыластарынан басым түсіп, қос спортшымыз ел қоржынын тағы екі қоламен толықтырды.

Сурдо грек-рим күресінен ұлттық құраманың аға бапкері Ерлан Мұқажан спортшылардың нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

Жігіттеріміз жарады. Қаншама оқу-жаттығу жиындары мен жаттығулардың арқасында осындай нәтиже көрсеттік. Бір алтын, бір күміс, екі қола - бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы таңда дайындығымызды шыңдай түсіп, келесі сурдлимпиада ойындарында бұдан да жоғары нәтиже көрсететінімізге сенімдімін, - деді аға бапкер.

Есту мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы төрт жылдықтың дүбірлі додасы мамырдың 16-сына дейін жалғасады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 4 күміс, 17 қола жүлде бар.

Өзгелердің жаңалығы