Сауда және интеграция министрлігі Wildberries платформасына қатысты жағдайға байланысты ресми ақпарат жинап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің редакцияға берген жауабына сәйкес, объективті деректерді нақтылау үшін Wildberries-тің Қазақстандағы ресми өкіліне сұрау жолданған.
Ведомство платформада сауда жасайтын қазақстандық кәсіпкерлердің нақты саны, қазіргі жағдайдың олардың қызметіне әсері, зардап шеккен сатушылардың бар-жоғы және компанияның өз міндеттемелерін орындау тәртібі туралы ақпарат сұратқан.
Сондай-ақ министрлік Ресей Федерациясының құзырлы мемлекеттік органдарымен және Wildberries компаниясымен байланыс орнату мақсатында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі арқылы дипломатиялық арналармен тиісті жұмыстарды бастаған.
Оқиғаның Ресей Федерациясының аумағында болғанын ескере отырып, ресми ақпарат Ресейдің құзыретті органдарымен дипломатиялық арналар арқылы, сондай-ақ Wildberries компаниясының Қазақстандағы ресми өкілімен өзара іс-қимыл жасау арқылы алынады, – делінген жауапта.
Министрлік трансшекаралық электрондық сауданың коммерциялық және логистикалық тәуекелдермен қатар жүретінін атап өтті. Мұндай жағдайлар қолданыстағы заңнама мен тараптар арасындағы келісімшарттық міндеттемелер аясында реттеледі.
Ведомство қазіргі уақытта өз құзыреті шеңберінде қазақстандық кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау және барлық қажетті мәліметтерді жинау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар министрлік нақты ақпарат түскенге дейін ықтимал тәуекелдерге, олардың қазақстандық нарыққа әсеріне немесе Wildberries қызметіне қатысты жекелеген мәселелерге баға беру ерте екенін жеткізді.
Қажетті ақпарат алынған соң Министрлік өз құзыреті шегінде қосымша жауап ұсынатын болады, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске салайық, алдын ала мәлімет бойынша, қоймалардағы тауарлары жойылған қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны 1 миллиард теңгеден асты.
Бұған дейін Wildberries-тегі жағдайға қатысты Сауда министрі кәсіпкерлерге кеңес берді.
Оқи отырыңыз: Wildberries Қазақстанда қазір 46 мың шаршы метр қойма жалдап отыр