Wildberries-тегі жағдай: Сауда министрі кәсіпкерлерге кеңес берді  

Сауда саласында жеткізілімнің кепілдігі мен сауда алаңына деген сенімнің маңызды.

 ©BAQ.KZ/Олжас Адай 4 Тамыз 2026, 12:15
4 Тамыз 2026, 12:15
175
Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries маркетплейсіндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, кәсіпкерлерді сауда алаңының сенімділігіне, тауарды жеткізу жылдамдығына және логистикалық тәуекелдерге мән беруге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, кәсіпкерлер маркетплейсті таңдаған кезде ең алдымен баға мен сапаның арақатынасын, сондай-ақ тауарды жеткізу мерзімін ескереді.

«Бұл жағдайға қатысты мынаны түсіну маңызды. Кәсіпкер қандай да бір сауда алаңын таңдағанда, әрине, баға мен сапаның арақатынасын және жеткізу жылдамдығын негізге алады», – дейді Арман Шаққалиев Үкіметтегі брифингте.

Сонымен қатар министр отандық маркетплейстерді белсенді пайдалануға шақырды.

«Қазақстанның сауда министрі ретінде әрдайым отандық маркетплейстерді барынша пайдалану қажет екенін айтамын. Бүгінде оған барлық жағдай жасалған», – дейді ол.

Ведомство басшысының сөзінше, қалыптасқан жағдай сауда саласында жеткізілімнің кепілдігі мен сауда алаңына деген сенімнің маңызды екенін көрсетті.

«Бүгінгі жағдай саудадағы ең маңызды факторлардың бірі – кепілдік пен сенім екенін көрсетті. Қазіргі сауда бағыттарын, тауар жеткізуде туындауы мүмкін тәуекелдерді, сондай-ақ сақтау мен логистика мәселелерін ескере отырып, ең тиімді бағыт пен сенімді маркетплейсті таңдау қажет», – дейді Шаққалиев.

Министр кәсіпкерлер сауда алаңын таңдаған кезде қызмет құнын, жеткізу және сақтау шарттарын, сондай-ақ логистикалық бағыттардың тұрақтылығын ескеруі керектігін айтты.

Айта кетейік, Wildberries-ке жасалған шабуылдардың салдары тек жеке компаниямен шектелмейді. Сарапшылардың айтуынша, Wildberries Ресейдегі онлайн сауда нарығының шамамен 45%-ын бақылайды. Ал Ozon-ның үлесі шамамен 30%.

Ozon жариялаған қаржылық есепке сәйкес, компанияның 2025 жылғы айналымы 4,16 триллион рубль болған. Осы көрсеткіштерді негізге алған тәуелсіз сарапшылар Wildberries пен Ozon-ның жиынтық тауар айналымы 10 триллион рубльден кем емес деп есептейді. Бұл Ресейдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 5%-ына тең.

Сондықтан логистикалық инфрақұрылымға жасалған жүйелі шабуылдар тек тауар жеткізу тізбегін бұзып қоймай, электронды коммерцияның тұрақтылығына және мыңдаған кәсіпкердің қызметіне әсер етуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Wildberries қоймаларын Қазақстанға ауыстыра ма деген сауалға Сауда министрлігі жауап берген еді. 

Тағы оқи отырыңыз: Wildberries қоймаларына жасалған шабуыл: Қазақстандық кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға батты 

Наверх