Қазақстандық садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда жаттығып жатыр

Бүгiн, 13:09
156
Бөлісу:
Қазақстандық садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда жаттығып жатыр
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындықтарын қыздыра түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Садақшылар дүбірлі додада сайыс өтетін алаңда, яғни «Қазанат» ипподромында шеберліктерін шыңдап жатыр.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, бүгінде ДКО аясында өтетін дәстүрлі садақ ату сайысына қатысуға 35 мемлекеттен өтініш түскен.

Қазір аккредация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байрақты бәсекеде Түркия, Малайзия, Қырғызстан, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің садақшылары жақсы өнер көрсететіні белгілі. Дегенмен, біздің спортшыларымыз өздерінің мықтылығын дәлелдейтініне сенімдімін, - дейді ол.

Көшпенділер ойындарына деген дайындықтары жайлы дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшелері де айтып берді.

Бұл бәсеке біздің алаңда өтетін болғандықтан мойнымызда зор жауапкершілік бар екенін білеміз. Ал сайыс өтетін алаңда жаттығу біз үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені бұл жерді толық зерттеп, климатын, жел жылдамдығын, нысананың орналасуы сынды маңызды тұсттарды түртіп алып жатырмыз, - деп атап өтті садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Бақберген Сәлімов.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына өте аз уақыт қалды. Әрине, біз дайындығымызды қыздыра түстік. Менің ойымша, байрақты бәсеке елімізде өтетіндіктен, міндетті түрде көпшілікті алтынмен қуантамыз, - дейді садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ажар Рахметқызы.

Еске сала кетейік, Республикалық «Дәстүрлі садақ ату» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Өзгелердің жаңалығы