Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды

Кеше, 23:50
112
Бөлісу:
Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Грекияда робототехникадан ең ірі чемпионат FIRST Global Challenge өз мәресіне жетті. Қазақстандық оқушылар бірнеше бағыт бойынша көш бастап қана қоймай, 190 елдің арасынан басты жүлдені жеңіп алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан өзінің чемпиондық титулын дәлелдеп келеді. Біздің команданың құрамына Алматы қаласының ФМБ НЗМ-нің оқушылары: Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан енді. Жаттықтырушылары - Нұрдәулет Досмағамбет пен Дулат Байтуленов.

Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды

Grand Challenge Award номинациясы бойынша алтын медаль мен ойындардағы рекордтық ұпай санынан басқа, қазақстандық құраманың жүлде қоры жоғарғы төрешілер номинациясында екі күміс медальмен толықты: А.Эйнштейн атындағы FIRST Global International Excellence және үздік инженерлік әзірлемелер үшін Robots Skills Challenge. Бұдан басқа Әл-Хорезми атындағы Outstanding Supporter номрнациясында күміс медальмен отандық USTEM FOUNDATION жас инженерлерге көрсеткен қолдауы үшін марапатталды.

Біз жарыста топ жарып, еліміздің жүлде қоржынын алтын медальмен толықтырдық және рекордқа қол жеткіздік. Әлемнің бірде бір елі екі дүркін чемпион бола алмады, ал біздің балаларымыз үшінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кету керек, команда құрамы осы жылдарда қайталанған емес, еліміздің намысын қорғауға әр жарысқа үнемі жаңа ойыншы аттанып отырады, олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктеледі, - дейді қордың негізін қалаушы және құраманың жаттықтырушысы Асылбек Мұрзахметов.

Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде жеңіске жеткен болатын. Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» РҒПО-ның, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен робототехникадан іріктеу кезеңдерінде құрылды.

Өзгелердің жаңалығы