Қазақстандық оқушылар рекорд орнатты

17 Қазан 2022, 14:55
1372
Бөлісу:
Қазақстандық оқушылар рекорд орнатты

Оқушыларымыз Женевада робототехникадан өткен FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Балалармен телефон арқылы байланысып, жеңіспен құттықтадым. Олар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұл робототехника чемпионаты - әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. 

Қазақстандық оқушылар рекорд орнатты

Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Олардың барлығы FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды, - деді министр.

Ол министрлік балалардың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра беретінін айтты.

Қазақстандық оқушылар рекорд орнатты

Оқушыларымызды жеткен жетістіктерімен құттықтаймын! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруге тілектеспін! Республика күні қарсаңында бізді жақсы жаңалықпен қуанттыңыздар. Өз жетістіктеріңіз арқылы басқа балаларды ынталандыратындарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ қолдау көрсеткен мұғалімдерге, жетекшілерге және дарынды балалардың ата-аналарына алғыс айтамын. Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра береді. Соңғы 3 жылда елімізде 41 IT-мектеп ашылды. Қазір онда 55 мың бала оқып жатыр. Сондай-ақ білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталған, - деді ол.

Президент білім беру саласындағы цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. ІТ-мектептердің ерекшелігі - ІТ-технологиялар саласында мамандану, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Сондай-ақ жыл сайын IT-мектептер саны көбейе береді. 

Айтпақшы, биылдың шілде айында ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанды. Ол жарыста оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетіп, жарыстың абсолютті рекордын орнатқан болатын. Сонымен бірге балаларымыз қазылар алқасының үш номинациясына бірден ие болған еді. FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен мұғалімдерге қатысуға ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді, - деді Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы