Қазақстандық кинотанушылардың ұжымдық монографиясы жарыққа шықты

10 Қараша 2023, 17:01
1027
Бөлісу:
Қазақстандық кинотанушылардың ұжымдық монографиясы жарыққа шықты
Фото: Қазақ ұлттық өнер академиясы

Монографияда заманауи қазақ кино өнеріне байланысты тың деректер, білім берудегі маңызды мәселелер мен ғылыми тұжырымдар кеңінен қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан кәсіби кинотану мектебіне 30 жыл толуына орай, кәсіби кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Нөгербек Бауыржан Рамазанұлының 75 жылдығына арналған "Қазақстандық және әлемдік білім беру контексіндегі заманауи кинотану: мәселелері, тенденциялары мен келешегі" атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті. Іс-шара  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында online және offline форматта ұйымдастырылады.

Кинотану деген не, кинотанушы деген кім, оның қоғамдағы атақаратын қызметі қандай? Осы сұрақтар әлі күнге күн тәртібінде тұр. Осының негізінде осыдан 30 жыл бұрын кәсіби кинотануды қоғамдық кеңістікке шығарған Бауыржан Рамазанұлы болатын. Ол кісі "Кинотанушыда энциклопедиялық білім болуы керек" дейтін ұстанымын ылғи айтып отыратын. Сол үшін де этнографтарды, фольклортанушыларды, т.б ұлттық өнерді зерттеген мамандарды студенттерге дәріс оқуға шақыратын. Бауыржан ағай талай дүниенің ұйытқысы бола білді. Бүгінгі жиындағы айтылған ойлар мен көтерілген мәселелер әрі қарай қалай шешімін табады, онымен кім айналысады, осыған да баса назар аударған абзал. Тағы бір айтарым, кәсіби тұрғыдағы қазақ кинотанудың іргесін қалаған "Бауыржантанудың" да бағдарламасын жасап, ғылыми айналымға енгізетін уақыт келді деп ойлаймын, - деді "Шалқар" радиосының аға редакторы, кинотанушы Бақыт Жағыпарұлы.

Форум аясында қазақстандық кинотанушылардың "Заманауи қазақ киносының мәселелері" атты ұжымдық монографиясының таныстырылымы өтті. Монографияда заманауи қазақ кино өнеріне байланысты тың деректер, білім берудегі маңызды мәселелер мен ғылыми тұжырымдар кеңінен қарастырылды. Ғылыми зерттеулер жоғары оқу орындарында білім алушыларға, жас ғалымдарға, жоғары мектеп оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге арналды.

Биыл кәсіби кинотану мектебіне 30 жыл толып отыр. Кәсіби кинотану мектебінің негізін қалаған Бауыржан Нөгербекұлы. Ұстазымыздың шәкірттері бірігіп ұлттық монография шығарды. Оның ішінде 12 кинотанушы автор бар. Биыл 7 -ші жыл қатарынан Бауыржан ағайдың атындағы шәкіртақы тағайындалды. Оны отбасы тағайындайды. Жалпы мұндай форумдар өте керек деп ойлаймын. Қазір бізде өте креативті жас кинотанушы мамандар көп. Солардың ұйымдастыруымен осындай форум өткізілді, - деді Ұжымдық монографияның ғылыми редакторы, кинотанушы Гүлнәр Мурсәлімова.

Сондай-ақ, форум қатысушыларына белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Мұқышева Назира Рахманқызы "Қазақ киносын зерттеу мәселелері", кинотанушы, өнертану (PhD) докторы, профессор Ергебеков Молдияр "Заманауи кино сыныныңмәселелері" тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізеді.

Кинотану ғылымын қолдау, кинотанушы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, бәсекелестікке ынталандыру мақсатында "Кинотану" мамандығының 1-4 курс білім алушылары арасында Бауыржан Нөгербектің ғылыми-шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған байқау ұйымдастырылады. Байқау нәтижесінде жеңімпаз атанған студент Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек атындағы арнайы шәкіртақымен марапатталады.

Ғылыми-тәжірибелік форумға отандық және шет елдік кинотанушылар, кинотеледраматургтер, өнертанушылар, ЖОО профессор-оқытушы құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары шақырылды. 

Өзгелердің жаңалығы