Мәжіліс отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан мен Сингапур арасындағы келісімнің нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы" заңның жобасы ұсынылып отыр.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1, 8 млрд доллар болды. Оның ішінде қазақстандық экспорт 94 пайызға жетіп отыр. Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы 2023 жылы 9,6 млн доллар, қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортының үлесі 37 пайыз, – деді Сауда министрі.
Шаққалиевтің сөзінше, келісім аясында қазақстандық бизнес үшін Сингапур нарығына қолжетімділік кеңейтіліп, жақсартылған.
Сингапур Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелер шеңберінде ашылған көрсетілетін қызмет секторларынан басқа, Қазақстан үшін дистрибьютерлік қызметтер, білім беру саласындағы қызметтер, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтер нарығына қосымша жол ашты, – деді Арман Шаққалиев.
Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі соңғы 10 жылда 1, 7 млрд долларға жеткен.
2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны - 457 млн доллар. Жалпы, көрсетілетін кызметтер саласы әлемдік экономиканың аса ірі және перспективалы секторы екенін атап өткен жөн, – деді Сауда және интеграция министрі.