Қазақстандық ғалымдар жаңа отандық картоп сортын шығарды

Жаңа сорт Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты ғалымдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.

 gov/kz 8 Қыркүйек 2026, 08:25
8 Қыркүйек 2026, 08:25
180
Фото: gov/kz
Қазақстанда жоғары өнімділігімен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа картоп сорты шығарылды.

Жаңа сортты әзірлеу жұмыстары 267 «Білім және ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы және «Селекция, тұқым шаруашылығы, биотехнология және инновациялық агротехнологиялар негізінде Қазақстанда картоп, көкөніс және бақша шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету» 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүргізілді.

Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген, жоғары өнімді, ауруларға төзімді және шаруашылыққа құнды қасиеттері бар жаңа картоп сортын шығару. Осы бағытта дәстүрлі селекция әдістері заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық әдістермен ұштастырылды.

Көп жылдық зерттеулер барысында картоптың перспективалы селекциялық материалдары кешенді бағаланып, олардың өнімділігі, пісіп-жетілу мерзімі, түйнектерінің морфологиялық және тауарлық сапасы, ауруларға төзімділігі және басқа да шаруашылыққа құнды белгілері зерттелді. Нәтижесінде құнды қасиеттер кешенімен ерекшеленетін перспективалы генотип іріктеліп, жаңа сорт ретінде ұсынылды.

«Айтхожин» сорты ерте пісетін, жоғары өнімді сорттар тобына жатады. Оның өнімділігі 35,0 тонна/гектарға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Түсі сары және кескен кезде қараймайды. Крахмал мөлшері 14,1-18,3%, С дәруменінің мөлшері 21,1-24,3 мг% деңгейінде.

Сорттың маңызды ерекшеліктерінің бірі – картоптың мозаикалық X вирусына (PVX) төзімділігі. Сонымен қатар ол альтернариоз бен фузариоздық солу ауруларына салыстырмалы түрде төзімді. Бұл қасиеттер сорттың өндірістік әлеуетін арттырып, оны Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді.

Жаңа сортты шығару барысында екі ғылыми ұйымның зерттеу бағыттары өзара сабақтасты. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында селекциялық жұмыстар жүргізілсе, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында молекулалық-генетикалық зерттеулер орындалды. Ғылыми әдістердің үйлесуі селекциялық материалдарды жан-жақты зерттеп, олардың құнды белгілерін нақтылауға мүмкіндік берді.

Сорт авторларының қатарында ауыл шаруашылығы және биология саласының ғалымдары бар. Олардың ішінде Д.С.Шарипова, Ж.А.Тоқберенова, К.О.Шәріпов, О.В.Карпова, М.Ж.Қошмағамбетова, Б.Ж.Сейтмұратов, Е.С.Қойбағаров, Р.Қ.Балғабаева және ресейлік селекционер-ғалым Е.П.Шанина бар.

Сорттың «Айтхожин» деп аталуы да ерекше мәнге ие. Атау Қазақстандағы молекулалық биология ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің ғылыми мұрасына құрмет ретінде таңдалған.

Жаңа сорттың авторларының бірі, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының 3-курс докторанты Меруерт Қошмағамбетова ауыл шаруашылығы ғылымында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның ғылыми зерттеу бағыты картоп және көкөніс селекциясы, тұқым шаруашылығы мен биотехнология мәселелерін қамтиды.

«Айтхожин» сортын әзірлеу оның докторлық диссертациясының ғылыми бағытымен де сабақтас. Диссертация тақырыбы – «Инновациялық әдістер негізінде аурулардан сауықтырылған картоп сорттарының бастапқы тұқым шаруашылығын жүргізу».

Бұл сорт – бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, тиімді шешімдерді іздеген ғалымдар ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Селекциялық зерттеулер мен молекулалық-генетикалық жұмыстар бірін-бірі толықтырып, ғылыми нәтижені нақты селекциялық жетістікке жеткізуге мүмкіндік берді, – дейді зерттеуші.

Қазіргі уақытта ғалымдар үшін келесі маңызды кезең – «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсыну және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғау рәсімдерін жүргізу. Кейінгі стратегиялық мақсат – жаңа отандық сортты өндіріске енгізіп, еліміздің тұқым шаруашылықтарын жоғары сапалы бастапқы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету және отандық картоп тұқым шаруашылығының тұрақты дамуына ғылыми негіз қалыптастыру.

Наверх