Қазақстандық делегация АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды

2 Шілде 2022, 04:31
1394
Бөлісу:
Қазақстандық делегация АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Б. Сәрсенбаев, ҚР АҚДМ Дін істері комитеті төрағасының орынбасары А. Хатиев бастаған діни бірлестіктер өкілдерінен тұратын делегация АҚШ-қа жұмыс сапары шеңберінде Нью-Йорк қаласының мэриясында «Нью-Йорк Қазақстанды қарсы алады: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Ашықбаев, «Этникалық өзара түсіністік қорының» Президенті Раввин Марк Шнайер, Нью-Йорк қаласы мэриясының, діни бірлестіктердің, ғылыми орта мен БАҚ өкілдері болды.

Б. Сәрсенбаев қатысушыларды 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне» дайындық жұмыстары туралы хабардар етті.

Іссапар аясында қазақстандық делегация Халықаралық діни бостандық жөніндегі екінші саммитке қатысты.

Сессияда қазақстандық делегация діни бостандық пен конфессияаралық диалогты ілгерілетудің маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстанда өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне» дайындығы; ҚР АҚДМ-нің Дін істері комитеті мен «LYN Community» америкалық ҮЕҰ арасында жасалған меморандумды іс жүзінде іске асырудың оң үлгісі туралы айтып берді.

Саммит алаңында Халықаралық діни бостандығы жөніндегі саммиттің тең төрағасы С. Браунбекпен, АҚШ-тың Халықаралық діни бостандығы жөніндегі ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Р. Хуссейнмен, АҚШ «Халықаралық діни бостандығы жөніндегі комиссияның» төрағасы Н. Туркелмен кездесулер өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша діни бостандық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы