Қазақстандық банктер халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтып келеді

9 Қазан 2026, 12:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 9 Қазан 2026, 12:01
9 Қазан 2026, 12:01
290
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның банк секторы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп, халықаралық деңгейде де мойындалып келеді. Соңғы бес жылда елдің екінші деңгейдегі банктерінің активтері 2,2 есе өсіп, 75,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Ranking.kz жазды.

Бүгінде Қазақстанның банк секторы қаржы жүйесінің негізгі элементтерінің бірі әрі ел экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды фактор саналады. Соңғы жылдары Қазақстанның екінші деңгейдегі банктері негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша тұрақты өсім көрсетіп, сонымен қатар халық пен бизнеске ұсынылатын қаржылық және цифрлық қызметтер аясын кеңейтіп келеді.

Соңғы бес жылда:

  • активтер 2,2 есе өсіп, 75,6 трлн теңгеге жетті;
  • несие портфелі 2,6 есе ұлғайып, 45 трлн теңгені құрады;
  • меншікті капитал 2,7 есе өсіп, 11,4 трлн теңгеге жетті;
  • халық депозиттері 2,5 есе артып, 30,5 трлн теңгені құрады;
  • бизнес депозиттері 1,7 есе өсіп, 21,1 трлн теңгеге жетті.

Бұл ретте нарықтағы өсімнің негізгі драйверлері – ірі ойыншылар. Қазақстанның ең ірі бес екінші деңгейдегі банкі жиынтық активтердің 69%-дан астамын, несие портфелінің шамамен 76%-ын және халық депозиттерінің 80%-дан астамын құрайды.

Осылайша, ірі банктер қаржы нарығының елеулі бөлігін қалыптастырып қана қоймай, оның технологиялық және өнімдік дамуының негізгі бағыттарын да айқындап отыр.

Сонымен қатар Қазақстанның банк секторы ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалып келеді. Moody’s, S&P Global Ratings және Fitch Ratings сияқты жетекші халықаралық агенттіктердің оң рейтингтік бағалауларынан бөлек, отандық банктер беделді салалық басылымдар мен халықаралық сыйлықтардың тізімінен тұрақты түрде көрініп жүр.

Мұның соңғы мысалдарының бірі – қазақстандық банктердің Asian Banking & Finance Awards 2026 (ABF Awards) халықаралық сыйлығына қатысуы. Бұл – Asian Banking & Finance салалық басылымы ұйымдастыратын Азияның банктері мен қаржы ұйымдарына арналған жыл сайынғы халықаралық сыйлық.

Марапаттау рәсімі 2026 жылғы 2 шілдеде Сингапурда өтті. Сыйлық үш негізгі бағытты қамтыды: Retail Banking, Wholesale Banking және Corporate & Investment Banking.

Қазақстанның банк секторы бірнеше номинация бойынша кезекті халықаралық салалық марапатқа ие болды. Бұл жолы Halyk Bank пен ForteBank ерекше көзге түсті.

Атап айтқанда, Қазақстандағы еңірі екінші деңгейдегі банк Halyk Bank өзі өтінім берген үш номинация бойынша Asian Banking & Finance Awards 2026 жеңімпазы атанды:

  • Domestic Retail Bank of the Year – Kazakhstan – Қазақстандағы жылдың үздік бөлшек банкі;
  • Ecosystem Initiative of the Year – Kazakhstan – Қазақстандағы жылдың үздік экожүйелік бастамасы;
  • Private Bank of the Year – Kazakhstan – Қазақстандағы Private Banking сегментіндегі жылдың үздік банкі.

Ал ForteBank SME Bank of the Year – Kazakhstan – Қазақстандағы шағын және орта бизнеске қызмет көрсететін жылдың үздік банкі номинациясында жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан өкілдері жалпы төрт марапатқа ие болды. Бұл ретте Halyk Bank алған үш марапат банк қызметінің әртүрлі бағыттарын – жаппай бөлшек бизнесті, цифрлық экожүйені дамытуды және жеке клиенттерге (Private Banking) қызмет көрсетуді қамтиды. Сондықтан бұл нәтижені жекелеген өнім немесе жобаның мойындалуы ғана емес, банк экожүйесінің тұтас жұмысына берілген баға ретінде қарастыруға болады.

Қазақстандық банктер бұлөңірлік басылымның сыйлығына алғаш рет қатысып отырған жоқ. Өткен жылы Halyk Bank Corporate & Investment Bank of the Year – жылдың үздік корпоративтік-инвестициялық банкі номинациясында жеңімпаз атанды. Яғни екі жыл ішінде қаржы институты бірден төрт номинация бойынша жеңіске жетті.

Ал ForteBank өткен жылы екіноминация бойынша жүлдегер атанды: Domestic Retail Bank of the Year – жылдың үздік бөлшек банкі және SME Bank of the Year – шағын және орта бизнеске қызмет көрсететін жылдың үздік банкі.

Сонымен қатар Asian Banking & Finance Awards 2026 жеңімпаздарының қатарында Азия мен Таяу Шығыстың көптеген нарықтарында жұмыс істейтін банктер бар.

Мысалы, HSBC Гонконг, Қытай, Вьетнам, Малайзия, Филиппин, Сингапур және Тайвань бойынша бірнеше номинацияда марапаттарға ие болды. Maybank Малайзия, Камбоджа және Сингапур бағыттарында үздік деп танылды. CIMB Малайзия, Сингапур және Филиппиндегі номинацияларда жеңіске жетті.

Жеңімпаздар қатарында Үндістанның HDFC Bank, Таиландтың Krungthai Bank, Моңғолияның Khan Bank, Қырғызстанның Mbank, Өзбекстанның Ipoteka Bank OTP Group және БАӘ-нің Emirates NBD банктері де бар.

Asian Banking & Finance Awards 2026 нені бағалайды?

Сыйлықтың маңызды ерекшелігі – марапаттар банк көлемі үшін ғана емес, нақты нәтижелер, өнімдер мен жүзеге асырылған бастамалар үшін беріледі.

Бағаланатын негізгі бағыттар қатарында:

  • қаржылық және операциялық көрсеткіштер;
  • инновациялық банк өнімдері;
  • цифрлық шешімдер;
  • клиенттерге қызмет көрсету және олармен өзара іс-қимыл стратегиялары;
  • корпоративтік және инвестициялық банкинг;
  • жекелеген мәмілелер мен жобалар;
  • тұрақты қаржыландыру, «жасыл» және әлеуметтік облигациялар;
  • реттеу, тәуекелдерді басқару және комплаенс саласындағы бастамалар бар.

Маңызды жайт – бұл жай ғана дауыс беру немесе пайдаланушылар таңдауы негізіндегі сыйлық емес. 2026 жылы өтінімдерді Deloitte, PwC, Kearney, Boston Consulting Group және Simon-Kucher компанияларының өкілдерінен құралған тәуелсіз сарапшылар комиссиясы бағалады.

Осылайша, халықаралық салалық сыйлықтар Қазақстанның банк секторын активтер, кредиттер, капитал мен депозиттер сияқты дәстүрлі көрсеткіштермен ғана емес, өнімдердің сапасы, цифрландыру, клиенттік тәжірибе және жекелеген банк бастамаларын жүзеге асыру деңгейі арқылы да бағалауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда қазақстандық банктердің халықаралық алаңда мойындалуы олардың елден тыс жерлердегі рөлі мен құзыретінің кеңейіп келе жатқанын және өңірдегі бәсекеге қабілеттілігінің нығайғанын көрсетеді.

Халықаралық марапаттар банк секторы үшін неге маңызды?

Қаржы секторы үшін халықаралық салалық марапаттардың маңызы бірнеше бағыттан көрінеді.

Біріншіден, бұл – нақты банк шешімдеріне берілген сыртқы баға. Ішкі корпоративтік марапаттардан айырмашылығы, мұндай сыйлықтар банктің өнімдері мен жобаларын халықаралық кәсіби қоғамдастыққа таныстыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, бұл – беделді арттыру құралы. Asian Banking & Finance өз сыйлығын Азияның банк секторындағы инновациялар, өнімдер, цифрлық бастамалар және клиенттік шешімдерді мойындайтын алаң ретінде таныстырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар басылымның алаңын өз жетістіктері мен кәсіби беделін ілгерілету үшін де пайдалана алады.

Үшіншіден, халықаралық формат салыстыруға болатын кәсіби орта қалыптастырады. Қазақстандық банк құрылымы жағынан да, көлемі жағынан да айтарлықтай ерекшеленетін ірі нарықтарда жұмыс істейтін қаржы ұйымдарымен бір алаңда бағаланады.

Бұл Қазақстанның банк секторы үшін әсіресе маңызды. Себебі бүгінде қаржылық технологиялар, цифрлық сервистер, төлемдер мен экожүйелік модельдер жекелеген ұлттық нарықтардың шеңберінен әлдеқайда асып, халықаралық деңгейде дамып келеді.

Наверх